Мәжілісмендер президент өкілеттілігі мерзімін сайлауға дейін өзгертуге кірісті
Мәжілісмендер президент өкілеттілігі мерзімін сайлаудан кейін емес, сайлауға дейін өзгертуге кірісті. Төменгі палата қазір заң өзгертілмесе, мемлекет басшысы алдағы 5 жылға, содан соң, тағы 7 жылға сайлануға мүмкіндік алады деп отыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
07.09.2022
Сол себепті құжатты өзгертіп, президенттің ел басқару мерзімін бірден жеті жылға созуды қолдайды. Мәжіліс төрағасы кезектен тыс саяси додада кімді қолдайтынын да айтты.
Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында биыл күзде кезектен тыс президент сайлауының өтетін жариялады. Әзірге саяси дода нақты қашан болатыны белгісіз. Заң бойынша қарашаға келіп тұр. Тиісті жарлық шықпаса да, президент сайлауына кейбірі іштей дайындалып жатыр. Мәселен, Аmanat партиясының мүшелері саяси науқанда кімді қолдайтынын шешіп қойған сыңайлы.
Сәуір айында Аmanat-тан кеткен мемлекет басшысы қазір ешбір партия мүшесі емес. Оның президент сайлауына қай ұйым атынан түсетіні де әлі айтылған жоқ. Билік партиясы өзге ұйымнан үміткер ретінде додаға қатысса да, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық тіректері табылып тұр.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:
- Мен сайлауға қатысатын лайықты тұлғаны, лайықты кандидатты қолдаймын. Өздеріңіз сезіп отырған шығарсыздар, ашық айтайын, бұл – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Келесі сайлауға баратын болса, сол кісінің кандидатурасын қолдаймын. Ал енді Қасым-Жомарт Кемелұлы Amanat партиясынан бара ма немесе басқа ұйымдардан бара ма, оны өзі шешеді. Кезінде Amanat партиясы: «Біз президенттің қоғамдық тірегіміз» деп жариялады. Сондықтан біз әрқашан президентті қолдаймыз.
Мәжіліс спикері бүгінгі отырыста қаралған «Жаңа Қазақстан» депуттаттық тобының ұсынысына қатысты да пікір білдірді. Ол президент өкілеттігінің мерзімін сайлаудан кейін емес, сайлауға дейін 7 жылға созу керек деп есептейді.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:
- Егер биыл бұл жүйе енгізілмесе, президент тағы бес жылға сайланса, сайланған президенттің бес жылдан кейін тағы 7 жылға сайлануға құқықтық мүмкіндігі пайда болады. Бұл нәрсені де шектеуіміз керек. Мұны шектеу үшін бес жылға реформаны тағы созбай, биыл 7 жылдық мерзімді енгізіп, сонымен президент сайлауын өткізуіміз керек деп ойлаймын.
Алдағы президент сайлауына қанша партияның атынан қай үміткер қатысатыны бәріне қызық. Әділет министрлігі қазір үш партияның өтінішін қабылдапты. Екеуі ұйымдастыру кезеңінде, съезд шақырылымында тұрған көрінеді. Енді біреуі алғашқы съезін өткізіп тастаған. Ал жалпы барлығы сегіз партия өтініш берген, бірақ олар әлі бірінші кезеңнен өтпепті.
Саяси партияларды тіркеу тәртібіне қатысты түзетулер енгізілген заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Әрі қарай қалай өрбитінін алда көре жатармыз. Жаңа заң жобасына сәйкес, саяси партияларды тіркеу үшін оның сандық шегі 20 мыңнан 5 мыңға дейін, саяси партиялардың өңірлердегі өкілдіктерінің саны 600-ден 200-ге дейін, саяси партияны құру кезіндегі бастамашыл топ азаматтарының саны 1 мыңнан 700-ге дейін қысқартылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!