Ирина Смирнова: 16-желтоқсан – Еске алу күні, 25 қазан – Тәуелсіздік мерекесі
Республика күні мемлекеттік мереке тізіміне қайта оралады. Сөйтіп атаулы күн 13 жылдан кейін өз статусын қайта жаңғыртпақ. Жалпы Тәуелсіздік алғалы 25-қазан Республика күні ретінде тойланып келіп, тек 2009 жылы алынып тасталған.
Автор: Әзиза Төленби
07.09.2022
Жазда өткен Ұлттық құрылтайда президент бұл күнге Ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған. Мәжілісмендер ұсынысты құптап отыр.
Жанарбек Әшімжан, Мәжіліс депутаты:
- Мерекелер санын азайту шығар. Негізгі басым бағыты. Енді сіздер саяси сипат іздеп жатқан шығарсыздар. Бірінші кезекте. Республика күні. Тәуелсіздік декларациясы жарияланған күнді сол көлеңкеден алып шығуымыз керек. Біздің әріптестер осы норманы ұсынды. Ол жұмыс тобында талқыланды. Және оны депутаттар құрамы, жұмыс тобының мүшелері қолдады.
Енді мәдениет министрлігі мерекелік күндерді қайта қарау туралы тұжырымдама әзірлейді. Егер заң қабылданса, мемлекеттік мереке мәртебесі қайтарылады. Сөйтіп құзыретті мекемелер үлгерсе, келесі айдың 25-інде барлық қазақстандықтар демалады. Дәл сол күні мерекелік шаралар көптеп ұйымдастырылады.
16-желтоқсан да басты мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып қала береді. Тек ол күні думандатқан мереке емес, ел іргесін қалауға атсалысқан, сол жолда құрбан болғандарды ұлықтау, еске алу шаралары өтеді. Сонымен қатар бүгін Мәжіліс депутаттары 1-желтоқсан Тұңғыш президент күнінен мемлекеттік мереке мәртебесін алып тастады.
Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:
- Бізде онсыз да мереке көп. Жарты жылдың көбін демалыспен өткіземіз. Уақыт өзгереді. Бірінші, Президенттің статусы да өзгерді. Бұл қалыпты жағдай. Ал 16-желтоқсандағы жағдайды мереке деп айтуға болмайды. Ол күнді еске алу деп қарастыру керек. Ал нағыз Тәуелсіздік мерекесі 25 қазанда болуға тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!