Тікелей репортаж: Қостанай облысындағы өрттің беті қайтты
Қостанай облысындағы өрттің беті қайтты. Бірақ әзірге толық өшірілмеген. Бұл туралы бүгін жедел штаб басшысы, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Өңірдегі жағдайдың тұрақталуына байланысты басқа өңірлерден көмекке келген құрылымдар кері қайтарылатын болды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
07.09.2022
Министр Ильиннің кешегі болжамы дөп келгендей. Екі күнге жетпей өрттің беті қайтты. Бүгін түскі сағат үш шамасында тілсіз жаудың ауыздықталғаны ресми хабарлады.
Жалпы Әулиекөл ауданындағы өрт аумағы 43 мың гектарды құраған.
Қазір жанып жатқан учаскелер жоқ. Тек от ошағындағы қалдықтар бықсып жанып жатыр. Сақтықта қорлық жоқ. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылының аумағы бақылауда. Арқадан ауыр жүк түскен соң, министр Юрий Ильин мұнда көмекке келгендердің көбін қайтару туралы шешім қабылдады.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Өрт салдарын жою жұмысына жұмылдырылған күшқұралдар азайтылды. Көмек көрсетуге Ақмола облысының күш-құралдары, «Восток» жеке құрамының инженерлік техникасы жерді жыртумен айналысатын болады. Сонымен қатар төтенше жағдайлар министрлігі полкінің жеке құрамы командирлермен бірге және Қостанай облысының бөлімшелері жұмыс орнына оралу туралы шешім қабылданғанға дейін оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер кешке дейін жұмыс жүргізіп, тұрақты жұмыс орындарына оралады.
Сындарлы күндері Қостанай облысындағы өртті өшіруге төтеншеліктерден бөлек, ішкі істер министрлігі, қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан сарбаздары көмекке жетті. 207 техника, 5 өрт сөндіру пойызы мен жеке құрамнан 2 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Өрт сөндіру басталған сәттен әуеден тікұшақтар 272 рет су шашқан.
Жағдайдың тұрақталғанын даладағы тыныштықтан-ақ аңғаруға болады. Тікұшақтың дауысы бүгін естілмеді. Жүйткіп бара жатқан өрт сөндіру көліктері де азайды. Қалай дегенмен әулиекөлдіктердің көңілі орнына түсе бастағандай. Енді оларды мазалайтын басты мәселе – жаңа баспанаға жайғасу.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!