Атырауда Теңдік тұрғындары асфальт-бетон зауытынан зардап шегіп отыр
Атырауда теміржолдың бойында отырған ауылдар иесіз қалдық деп дабыл қақты. Инфрақұрылым түгілі, таза ауаға зәру болған Теңдік станциясының тұрғындары осылай деп наразылыққа шықты. Себебі бұл маңға асфальт-бетон зауыты салынғалы, ауылды қара түтін торлап, сасық иістен тынысы тарылған. Сондықтан халық денсаулыққа зиянды кәсіпорынды басқа жаққа көшіруді талап етіп отыр.
Автор: Жанат Молдашова
08.09.2022
Қала іргесіндегі Теңдік станциясының тұрғындары ауыл маңынан зауыт салынғалы бері берекеміз қашты дейді. 2019 жылы "Нефтестройсервис» компаниясы осы ауылдан асфальт-бетон зауытын ашқан, содан бері жас – кәрі үйден шығудан қалған. Өндірістің будақтаған қара түтіні күні -түні ауылды басып жатыр дейді. Тіпті сасық ауадан қиналған кейбір тұрғындар өз үйіне келе алмай, ағайыын жағалап кеткен.
Жаңыл Жаранова, Теңдік ауылының тұрғыны:
- Тыныс алу мүмкін емес. Баламен үйде отырмыз. Айлық баланы таза ауаға шығара алмаймыз. Сасыған иіс таңғы үштен түске дейін тұрады. Одан кейін кешке дейін тағы салқын ауаға шығайық десек, тағы сасыған иіс. Бізге бір шешім шығарып берсін. Немесе мекеме жұмысын тоқтатсын, болмаса, бізді көшірсін. Бір жаққа шығарсын.
Жолдасқали Үсенұлы, Теңдік ауылының тұрғыны:
- Таң ата бұрқырайды. Осы зауыттың НСС-тің иісі. Тепловоздар келіп тұрады. Бензиннің иісі. Олардан да сасып жатыр. Жолдасым ауырады, астмасы бар. Ауылға келе алмай жүр. Ағайындардың, балалардың үйіне кетіп жүр. Мұнда ауылда тұра алмайды. Таза ауа жоқ. Қарапайым адамның өзі демала алмай тұрғанда, ол кісілер қалай демалады?!
"Нефтестройсервис ЛТД" компаниясы бұл түтін тек зауыттағы құрылғылар істен шыққан кезде болды дейді. Яғни 25 тамызда ақау шыққан. Қазір бәрі қайта қалпына келтіріліпті. Ал экологтар халықтың шағымы бойынша тексеру жүргізіп жатырмыз дейді.
Сырым Тілеген, Атырау облысы экология департаменті басшысының орынбасары:
- Атмосфераға сынама жүргізілді. Көмірқышқыл газы бес есе асты деуге болады. Ал көмірсутегі 1,5 есе шектен тыс шыққан. Өндіріс орнына қандай шара қолданылатынын СЭС анықтайды. Қазір біз де жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатырмыз. Оның нәтижесі екіүш күнде дайын болады.
Дегенмен ауаны ластаған компанияға айыппұл салыну-салынбауы да белгісіз. Ал қала іргесінде отырсақ та, қараусыз қалдық деген Теңдік тұрғындары жергілікті биліктен үміт күтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!