Таразда мембағдарламамен берілген көпқабатты сапасыз үйге тұрғындар кіре алмай жүр
Таразда мемлекеттік бағдарламамен берілген көпқабатты үй тұрғындары шу шығарды. Олар сапасыз салынған баспананы пайдалануға берген шенеуніктерге ренжулі.
Автор: Руслан Әбдіхалық
08.09.2022
Жұрттың сөзінше, су жаңа нысан коммуналдық қызметке толық қосылмаған әрі құрылыс жұмыстарында кем-кетік өте көп. Соның кесірінен көбі жаңа пәтеріне қоныстана алмай жүр.
Айгерім Байғазирова өткен жылы мемлекеттік бағдарламамен ипотекаға екі бөлмелі пәтер алған. Төрт баланың анасы баспанама тек екі апта бұрын әзер кірдім дейді. Бірақ әлі күнге түнеп көрмеген. Өйткені құрылысы сапасыз деп өкпелі.
- Инолеумді қараңыз. Есікті ашса, бірге ашылады. Өте сапасыз. Жарық жоқ. Азанда келеміз, кешке ауылға кетеміз, үйге түней алмай жүрміз.
Билікке ренжулі бұл кісі ғана емес. Жалпы саны 80 адам пәтерлі болса, бәрінің шенділерге өкпесі бар. Өйткені үйлері немкетті ниетпен салынған дейді. Жұрттың оған дәлелі көп.
Асылзат Қабылбекова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Линолеумі жетпей қалған. Плинтустары құлап қалған. Есіктері тіптен нашар. Тура кинодағыдай, бір ұрса, арғы бетінен бірақ шығады.
№15 ықшамауданның басынан дау арылған емес. Мұндағы көпқабатты ғимараттардың сапасына ылғи жұрттың көңілі толмайды. Бұқара бұдан бөлек тағы да өзекті жайлардың тиегін тарқатты. Қаладағы ең үлкен шағын ауданда мектеп пен балабақша атымен жоқ. Жолы нашар, қоғамдық көлік қатынамайды. Осы мәселелер тұрғындардың жүйкесін жұқартып біткен.
Ақбота Атабекова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Қарапайым халыққа бір жол, бір автобус бере алмай келесіздер. Ықшамауданның салынғанына алты жыл болды. Алты жылдан бері көзіміз ашылмай келеді. Күлқоқыс, балалар алаңы, люктарды айтып жатырмыз. Әр үйде люк сасып жатады.
Атқанімерлер мердігердің жіберген қателіктерін мойындап отыр. Яғни кем-кетік бар дейді. Оны ұзаққа созбай қалпына келтіруге уәде берді. Коммуналдық қызмет те жуық арада қосылады деп сендірді.
Шыңғыс Әлиасқар, Тараз қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Проблема бізде түбегейлі бірекі аптаның ішінде шешіледі. Мердігер мекеме кепілмен толығымен жөндеп береді. Кепіл келісімшартына сәйкес, бес жылға берілген.
Көпшілік бұл уәдеге сене қоймады. Олар мәселе түбегейлі шешілу үшін қаланың жаңа әкімі Бақытжан Орынбеков келсін дейді. Ал шаһардаң жаңа басшысы жұрттың жайымен танысуға бара ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!