Елордада он жылға созылған құрылыстан өз баспанасына кіре алмай жүр
Он жылға созылған құрылыс. Елордалық бір топ азамат 2012 жылдан бері баспанасына қол жеткізе алмай жүр. Қазір үйді салып жатқан – үшінші мердігер. Ал азаматтар адал ақшамызға алған баспанамыздың күйі мүшкіл дейді. Тіпті сапасыз құрылыстың қалдықтары көлікке құлап жазым қыла жаздаған.
Автор: Елдос Есенбол
12.09.2022
Соңғы он жылда қоныс тойын тойлаған елордалықтардың санынан жаңылыспау мүмкін емес. Бірақ сол бақытты жандардың қатарында бұл көпқабатты үйдің тұрғындары жоқ. Өйткені бұл құрылыстың бітпей тұрғанына бақандай он жыл болған. 460 пәтердің иелеріне баспанасының құжатын алу арманға айналған.
Дамир Сатыбаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Мен бұл үйді 2012 жылы сатып алғанмын. Сол кездегі мердігер нарықтағы ең үздік еді. Бірақ кейін белгісіз себептермен құрылыс тоқтап қалды. Шамамен бес жылдай тұрды. Кейін бұл үйге басқа мердігер келді. Олар да бөлінген қаражатты жымқырып, үйді салмай кетіп қалды. Енді қазір мердігер қала әкімдігіне қарасты «Елорда құрылыс компаниясы». Олар да 2019 жылдан бері құрылысты бітірер түрі жоқ. Қабырғасы жартылай қаланған дайын үйге 8 миллиард теңге бөлінді. Бірақ еш өзгеріс жоқ.
Жұмысы өнбей қойған үйдің сырты бүтін, іші түтін. Бизнес-класс деген баспананың сапасы сын көтермейді. Жанына адам жолап кетсе, қабырғасы құлап жатыр. Әуеліде мұның бәрі аса бағалы мәрмәр тастан жасалуға тиіс екен. Қабырғадағы жапсырманың құлағаны ештеңе емес, одан зорын да көрдік дейді тұрғындар.
Сандуғаш Асылжанқызы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Үйдің төбесінен немеремізді балабақшадан алып келе жатқан кезде машинадан шыға бергенде үстіне үйдің бір элементі құлаған, үлкендігі 1,20. Оны біз сот тарабынан және бағалаушы ретінде қарастырып, құжаттарын құрылыс компаниясының бастығына бердік. Абырой болғанда балаға ештеңе болған жоқ.
Расында үйдің маңайынан жүруге жүрексінесің. Балаларды емін-еркін ойнатып қоюға тіпті қорқамыз дейді ата-аналар. Айналаның бәрі шашылған қоқыс. Құрылыс материалдарының қалдықтары. Тіпті үйдің төбесі де қоқыс алаңына айналғандай.
Арқаның сары аязын былай қоғанда, күрең күзінің суығымен елордалықтар жақсы таныс. Сондықтан өн бойыңды қаритын ызғырық ауа райынан қалай қорғанамыз деп уайымдайды тұрғындар. Өйткені басқаны былай қойғанда, үйдің тіпті есігі де жоқ.
Елорда әкімдігіне қарасты «Елорда құрылыс компаниясы» бұл үйдің құрылысын 2019 жылы қолға алғанын, тұрғындар айтқан 8 миллиардқа жуық қаржының бөлінген растап отыр. Оның 6 миллиардын жаратып та қойыпты. Бірақ құрылысты жүргізбейміз, тек оған жауапты мердігердің үстінен қараймыз деп түсіндірді. 2022 жылы осындай «бағы ашылмаған» 40 үйді салып бітіреміз деп жоспарлапты.
Мақсат Шаяхметов, «Елорда құрылыс компаниясы» атқарушы директоры:
- Бұл нысанға техникалық сараптама жасағанда үй құрылысынан бөлек, тағы қосымша жұмыс істеу керектігі анықталды. Ол – инженерлік желі, коммуникация, паркинг құрылысы. Үй үш бөліктен тұрады. Бүгінде оның құрылысы 95 пайызға аяқталды.
Осылай деген жауаптылар қарашада азаматтар құжатқа қол қойып, кілтін қолына алады уәдені үйіп-төгіп отыр. Егер мердігер үлгермесе, шара қолданамыз дейді. Бұған дейін бірнеше рет айыппұл да салдық. Бірақ сомасы қанша екенін айта алмаймыз деп ақталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!