Алматыны дамытуға 6 триллион 1 миллиард керек
Алматыда ЛРТ ақыры салынатын болды. Қала әкімі Ерболат Досаев жеңіл рельсті көліктің алғашқы желісі алдағы бес жылда іске қосылатынын мәлімдеді. Мәслихат депутаттарына шаһардың 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасын таныстырған әкімнің жоспары көп.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
12.09.2022
Жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктің қозғалысын реттеу, турист тарту, инфрақұрылымды жаңарту сынды атқарылатын шаруа да шаш етектен.
Алайда қаланың даму жоспарын жүзеге асыру үшін 6 триллион 1 миллиард теңге керек екен. Ерболат Досаев бұл қыруар қаражатты қайдан алмақшы? Мәслихат депутаттарының кезекті сессиясында не айтылды?
Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланы дамытудың жаңа бағдарламасын бүгін мәслихат депутаттарына таныстырды. Жобада бас-аяғы жеті жылда оңтүстік астананы жайлы, жасыл һәм қауіпсіз шаһарға айналдыру жоспарланған. Бірінші кезекті жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктің қозғалысы мен бағытын ретке келтіру көзделіпті. Себебі, қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін қатынайтын автобустардың жиілігі тым ұзақ. Тиісінше, жүру уақыты созылып, іші жолаушыларға лезде толады. Таңғы және кешкі қарбаласта тұрғындар ішіне сыймай қиналатыны тағы бар.
Асқар Әмрин, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Автобустардың қозғалыс бағыты тиімді ұйымдастырылмаған. Қалада бағыттардың көпшілігі ұзақ, қала маңындағы және қоғамдық көліктер арасында нақты байланыс жоқ, тасымалдауға ыңғайлы көлік тораптары жоқ. Бағыттардың шамамен 76 пайызының ұзындығы 15 шақырымнан асады. Шешім ретінде қолданыстағы ұзақ бағыттар қашықтығын қысқа, 10 шақырымнан азға дейін қысқарту және магистральдық бағыттар желісін құру нұсқасы қарастырылып жатыр.
Қала билігі автобус пен троллейбустан бөлек, жоғарғы жылдамдықпен жүретін жеңіл рельсті көлік желісін Төле би көшесіне саламыз деп құлшынып отыр. ЛРТ 2027 жылы іске қосылады дейді шенділер. Сондай-ақ алдағы екі жылда «Қалқаман» метро станциясын ашып, батыс бағытында тағы үш жерасты бекеттің құрылысы жанданбақ. Қоғамдық көліктерге арналған жолақты да ұзартып, Райымбек даңғылы бойымен жаңа БРТ желісі жүргізілмек. Жобада Алматыда үшінші теміржол вокзалын салу да қарастырылыпты.
Мұхит Әзірбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Боралдай кентінде Алматы 3 вокзалы орналасатын болады, оның базасында көлік-логистика хабын дамытуға болады. «Алтын Орда» сауда базарын көтерме-тарату орталығы етіп қайта құру, «Барлық» базарының орнына «Батыс» автовокзалын, LRT станциясын және метрополитенді қамтитын ірі мультимодульдік көлік-ауысып отыру торабын құру жоспарланған.
Жаңа бағдарламада туристерді тартуға арналған бірқатар шара да бар. Мәселен, Шымбұлақ, Бутаковка сынды курорттық орындар кеңейтіледі әрі жаңартылады. Ескі көпқабатты үйлердің қасбетін әрлеу жұмыстары да қолға алынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!