{metadescription}
Жүздеген оқушы мектепке бірнеше шақырым жаяу барып жүр – Шымкент
Жүздеген оқушы мектепке бірнеше шақырым жаяу барып жүр – Шымкент

Жүздеген оқушы мектепке бірнеше шақырым жаяу барып жүр – Шымкент

Шымкентте жүздеген оқушы мектепке бару үшін бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Ақтас ықшамауданында мектеп жоқ. Балалар бес шақырым жердегі Ақжар ауылына барып оқиды. Ал екі ортада жалғыз автобус қатынайды.

Оның өзіне ата-аналар әр балаға 5 мың теңге төлейді. Жағдайы жетпегендер мен автобусқа сыймай қалған оқушылар сөмкесін арқалап жаяу тартады. Жол азабын айтып тұрғындар білім басқармасы мен әкімдікке талай барған. Бірақ алты жылдан бері ешкім құлақ аспаған. 

Ақтас ауылында 700-ге жуық үй болғанымен, бірде-бір мектеп жоқ. Оқушылар білім алуға көрші Ақжар ауылына қатынайды. Мәселен, бұл үйлердің ұл-қызы мектепке баруға бес шақырым жүруі керек. Ауыр сөмкесін арқалаған оқушылар сабақ басталардан бірнеше сағат бұрын шығуға тиіс. Шаң, қар, батпаққа қарамай жаяулатады. Асфальт бойымен жүру мұнда аса қауіпті, жолда кетіп бара жатқан оқушыларды көлік қағып кетуі мүмкін. Тұрғындар оқушылар мектептен келгенше, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді.

Күләш Датқабекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Иттен қорқамыз. Жол қараңғы, олар да, балашаға да қорқады. Тар жол, тротуарымыз жоқ. Балшықта барып келеді, Әр үйден төртбес балашаға, немерелеріміз шығады. Қиналып жүрміз. Бүкіл халық бірнеше рет шағым айттық.

Автобус тым сирек жүретіндіктен, ата-аналар бүкіл Ақтас ауылына бір көлік жалдап қойған. Ол бала басына бір айға 5 мың теңге алады. Көрші ауылдағы мектепке жеткізу үшін күндіз-түні оқушы тасиды. Ақжардағы 600 орындық жалғыз мектеп көршілес Ақтастан оқушыларға бола келеді, сондықтан балалар үш  ауысыммен оқуға мәжбүр. Халық шенеуніктерге тасымал жағын ұйымдастырып немесе ауылға мектеп салып беруді сұрап отыр.

Ақмарал Мырзақұлова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Мектепті сұрап жүргенімізге алты жыл болды. Аудандағы білім бөліміне де, әкімдікке де бардық. «Мақұл жақсы, апайлар, саламыз, істеп береміз» деп, әдемілеп шығарып салады. Тым болмаса, мектеп салынып біткенше, Газельді тегін беріңіздер, өтініш. Тасымалдауға Газель болмаса, кішкентай сары Паз автобус болар.

Бірақ қаладағы білім басқармасындағылар тасымалдауды ұйымдастыру біздің міндетіміз емес дейді. Мектеп салуға бала саны жеткіліксіз екенін айтады. Бірақ жауаптылардың өзі ауылда қанша оқушы барын білмейтін болып шықты.

Қайрат Дүйсенбиев, Шымкент қаласы білім басқармасының бас маманы:

- Мектеп бүгінертең салынбайды.

- Бала саны жетпейді дейсіз бе?

- 600-ге жетуі керек.

- Сол кезде мектеп бола ма?

- Иә, сол кезде мектеп саламыз.

- Бірақ, білмей тұрсыз нақты бала санын, бәлкім 700 шығатын  шығар?

- Жоқ, 700 шықпайды.

Білім басқармасындағы жауаптылар Ақтаста мектеп соңғы үш жылда салынбайды деп кесіп айтты. Сондықтан оқушылар екі ауылдың арасын әлі қанша уақыт тоздырары белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде