Алматы облысындағы Тагера тұрғындары: Топан суда қалсақ, кім жауап береді?
Топан су астында қалсақ, кім жауап береді? Алматы облысы Тагера тұтынушылар кооперативінің тұрғындары осылай шу шығарды. Айтуларынша, әлдекім іргедегі сайды тегістеп, жер телімі ретінде сатпақшы. Оған әкімдіктен рұқсатын да алып қойған екен.
Автор: Асқарбек Қазанғап
13.09.2022
«Кеше қырды қопара бастаған техникаға тосқауыл болғанмен, ертең жұмысын қайта жалғастырмасына кім кепіл?» деп тұрғындар алаңдаулы.
Сайдың екі бетінде де баспаналар бой көтерген. Тереңдігі 50 метрге жетеді. «Енді бос кеңістікті топырақпен толтыры, тегістейді» деген әңгімені естігелі тұрғындардан маза кетті.
Нұржан Лебетов:
-Бұны жауып тастаймыз дейді. Үй қылып сатамыз дейді, сотығы мың доллардан. Енді осы жер қалды ма? Мына табиғи жер, ана жерден су ағады. Су арнасын бұзу деген не сұмдық?! Жер табылмай қалды ма? Қала жасап жіберсін онда, тегістесін де, үй салып, Алматыға кіргізсін бізді!
Кооператив Долан ауылының іргесінен орын тепкен. 51 түтіні бар. Сайға апаратын қыратқа біреудің көзі түсер деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Жайшылықта мал жайылатын жерді тегістеуге қалайша рұқсат берілді деп түсінбей дал.
Сембай Мәуленқұлов:
- Мынау табиғат жасаған су кететін сайды ешуақытта бұзуға болмайды. Біздің қарсылығымыз осында. Малын жая ма, тегіс жерін сата ма, үй сала ма, оған біздің қарсылығымыз жоқ. Ертеңгі күні таудан су тасқыны болса, мына екі сай бар, Доланның ортасында, сосын шеткі сайда төмен қарай осымен су кетеді.
Тұрғындардың табандылығымен алып техника әзірге тоқтап тұр. Әйтпесе күні кеше қыр жиегіне ауыз салып астан-кестеңін шығарды. Ал әлімсақтан тау суының ағар арнасы болған сайдың ендігі күйі бұлыңғыр. Жер иесі «тегістеуге рұқсатымыз бар» деп, айтқанынан танбай тұр.
11 гектар жердің қожайыны құрылыс компаниясы болып шықты. Бертінде банктен алған. Расымен сайды тегістемек. Қолында Қарасай ауданының әкімдігі берген рұқсат қағазы бар. Жер үстінен суағар жүргіземіз деп жайбарақат. Бірақ ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді неге қазбақ болғанын ашып айта алмады.
Нұрлан Жұмабеков, құрылыс компаниясының заңгері:
- Тегістегеннен кейін ертең белгілі болады, бұл шаруа қожалығы болғаннан кейін, ертең мүмкін ферма саламыз. Бәлкім қора сала ма, білмеймін, енді құдай біледі, бизнесменбіз ғой енді, бизнесмен болғасын, қараймыз. ертең қалай болатынын.
«Бизнесменбіз» деп кеудесін соққанмен, бірақ бизнес жоспары жоқ құрылыс компаниясының не ойлағаны әзірге тек өзіне аян. Ал жергілікті Райымбек ауылы округінің әкімдігіне жер қожайыны ауданнан берген рұқсат қағазын көрсетуден бас тартыпты.
Еламан Өмірбаев, Райымбек ауылы округі әкімінің орынбасары:
- Құжаттарымыздың бәрі бар дейді, бірақ құжаттарын көрген жоқпыз. Сол үшін біз қазір аудан архивіне сұраныс жасаймыз. Сосын қосымша хабарлаймыз.
- Яғни аудан әкімдігінен алған рұқсат қағазын сіздерге, ауыл округіне көрсетпей отыр ма?
- Көрсетпей отыр, иә.
Жергілікті әкімдік жауапкершілікті өзінен ысырмады. Құжатын көрсетпегендер түбі көрсетер, ауданнан анықтаймыз, сосын бір хабарын береміз деп, әзірге әңгімені жылы жапты. Ал тұрғындар техника орнынан тырп етпес үшін күзетеміз деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!