{metadescription}
Рим папасы: Құдай баршамызды соғысқа емес, бейбітшілікке үндейді
Рим папасы: Құдай баршамызды соғысқа емес, бейбітшілікке үндейді

Рим папасы: Құдай баршамызды соғысқа емес, бейбітшілікке үндейді

Қақтығыстар қарумен емес, келісім үстелінде шешілуі керек. Бүгін елордада басталған Әлем және дәстүрлі дін көшбасшыларының VII съезіне қатысушыларының ортақ ұстанымы осындай.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлем көз тіккен мәселелерді шешуде мұндай жиынның айрықша рөліне тоқталды. Алқалы жиынның арнайы қонағы Рим папасы Франциск Абайдың сөзімен сөйледі. Ойшылдың ғылым, білімге үндеген шығармалары көпке рухани азық болуы керек деді понтифик. Тек бейбітшілік туралы айтылып жатқан съезд қалай өтіп жатыр?

Түрлі әлем және дәстүрлі дін өкілдерінің басы бұлай күнде қосыла бермейді. Сондықтан бірін-бірі ерекше ықыласпен қабылдап, көптен қауышпаған туысындай көріп жатыр. Шүйіркелесіп, амандық-саулық сұрасты. Тіпті сыйлық сыйлап, ерекше ілтипатын көрсеткендер де болды.

Әлем және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін Қазақстан осымен жетінші рет өткізіп отыр. Бұл жолы алқалы жиын дүниежүзіндегі қақтығыстарға байланысты үнсіздіктен басталды. Жаһанды алаңдатқан мемлекеттер арасындағы алауыздықты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та тілге тиек етті. Пандемиямен қатар ірі державалар арасындағы геосаяси қақтығыстар экономиканың шиеленісіне әкеп соқты. Бірақ бұндайда қатаң санкция мен күш қолдану оң шешім емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазіргі күрделі кезеңде дінбасылардың бір үстел басында отырғаны  айрықша маңызды. Олар кез келген мәселе бойынша ортақ келісімге келіп, тіл табысуға болатынын бүкіл әлемге паш етті. Меніңше, съездің ең басты миссиясы да, ерекшелігі де осы.

Съездің арнайы қонағы Рим папасы Франциск те дүниені бейбітшілік билеуі керектігін айтып, зорлық-зомбылықты ешқашан ақтап алуға болмайды деді. Понтифик өз сөзінде Абай Құнанбайұлын мысал етті. Ұлы ойшылдың шығармаларымен жете сусындап, таным көкжиегін кеңейтуге шақырды. «Ақшаны қаруға емес, білімге жұмсасақ құба-құп», - дейді Рим папасы.

Франциск, Рим папасы:

- Абай өзінің артынан рухани бай туындылар қалдырды. Абай адамгершіліктің бастауы – махаббат пен әділдік екенін еске салады. Қандай жағдай болмасын, зорлықзомбылықты ақтауға болмайды. Құдай баршамызды соғысқа емес, бейбітшілікке үндейді. Сол себепті қақтығысты қару-жарақ пен қоқан-лоққының күшімен емес, Жаратушыға ұнамды, адамға лайықты жолмен шешуге тырысайық.

Алқалы жиынның негізгі тақырыптарының бірі – пандемиядан кейінгі әлем. Үстел басында дінбасылар індеттен кейінгі дүниенің дидары қандай болмақ деген сауалға жауап іздеуге тырысты. Себебі, бүгінде виртуалды әлем шынайыны алмастырды. Ал пандемия бұл үрдісті жеделдеткен. Әл-Азһардың бас имамы Ахмат ат-Тайеб рухани құндылықтың әлсіреп кеткенін тағы бір мәрте еске салды.

Шейх Ахмад ат-Тайиб, әл-Азһардың бас имамы:

- Бүгінде руханияттың әлсірегені, адамгершіліктің ақсағаны ғаламдық өркениетті мәнді құндылығынан айырғанын мойындауымыз керек. Бұған қоса, адамзатты кенеттен дүниежүзіндегі климаттың өзгерісі де үрейлендіріп тастады. Су басу қаупі, орман өрті, көптеген тіршілік иесінің қырылуы және соңғы кездегі саяси әрекеттер адамдардың қорқынышын туғызды.

Съезде сөйлеушілердің ортақ құндылығы – адамзаттың бір-біріне құрметі, ешкімге зәбір көрсетпеу. Қазақстан түрлі дін мен дәстүрге әрдайым оң көзбен қарайды деді президент. Қазір елде 18 конфессияны білдіретін төрт мыңдай діни бірлестік жұмыс істейді.

50 елден келген 3 мыңға жуық діндардың басын қосқан съезд ертең де жалғасады. Ал одан кейін әлем және дәстүрлі дін көшбасшылары 2025 жылы дәл осы елордада бас қосады. Келесі съез сол уақытқа жоспарланған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

30 қараша

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде