{metadescription}
Си Цзиньпин: Қытай – Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі
Си Цзиньпин: Қытай – Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі

Си Цзиньпин: Қытай – Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі

Қытай Қазақстанмен қарым-қатынасқа зор көңіл бөледі. Бұл туралы бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай халық республикасының төрағасы айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин екі ел арасындағы алыс-берісті әлде де ұлғайту қажет деп отыр. Қазір бұл көрсеткіш 25 миллиард доллардан асады.

Жалпы бұл Си Цзиньпиннің COVID-19 өршіген кезден бергі шетелге алғашқы сапары. Оны Қазақстаннан бастауында да үлкен мән бар. Биыл еліміз бен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл.

Түске дейін Әлем және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқан президент түс ауа жиыннан шыға сала, елорда әуежайына асықты. Бүгін Қазақстанға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин келді. Қасым-Жомарт Тоқаев өзі шақырған қонағын өзі күтіп алып, бір-бірімен қол алысып амандық сұрасты. Екі елдің басшылары мен әуежайға жиналғандардың бәрі медициналық бетперде таққан.

Ақордаға кірген бойда Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрмет қарауылы қарсы алып салтанатты рәсімді ашып берді. Екі елдің әнұраны шырқалып, қос басшы кеңейтілген құрамда үстел басына келіссөз жүргізуге жайғасты. Қытай төрағасы шетелге коронавирус өршіген – 2020 жылдан бері алғаш рет шығып тұр. Мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастауында да үлкен мән бар. Биыл еліміз бен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Бұл – пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Сондықтан осы сапарыңыз тарихи мағынаға ие. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын. Сіздің сапарыңыз 30 жылдық мерейлі белеске тұспатұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын.

Соңғы рет Си Цзиньпин Қазақстанға бес жыл бұрын келді. Сондағы уағдаластықтың арты екі елдің байланысын әрі қарай нығайтты, сауда-саттық, мұнай өндіру, ауыл шаруашылығы, киберқауіпсіздік сияқты салалардың шырайын ашты. Бүгінде екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ. Сондықтан сенімді серіктестер екіжақты байланысты одан сайын күшейте түспек. 

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

- Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарымқатынасқа зор көңіл бөлетінін тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қытай Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі болды және болып қала береді.

Қазақстанға сапары алдында Си Цзиньпин мақала жариялап, сандарды сөйлеткен болатын. Былтыр екіжақтың тауар айналымы пандемияға дейінгі деңгейге оралып, 25 миллиард долларды құраған. 21,2 миллиард доллардан асатын 52 бірлескен жоба әзірленіпті. Жел электр станциясы, автомобиль құрастыру желісі, мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары бар. Енді елімізде Қытайдың дәстүрлі медицина орталығы мен Лу Бан атындағы шеберхана ашылады. Көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер мәселесі де күн тәртібінен түспейді.

30 жылды артқа тастаған Қытай мен Қазақстан алдағы 30 жылда екіжақты қарым-қатынасты дамытудың жаңа парадигмасын қалыптастыруға ниетті. Оған Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келісімі негіз болмақ. Екі мемлекеттің басшылары ертең Өзбекстанда жүздеседі. Олар Самарқанда Шанхай ынтамақтас ұйымының саммитіне қатысады деп күтілуде.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде