СІМ: Қарабақтағы қақтығысқа бітімгерлік күш жіберу күн тәртібінде тұрған жоқ
Қарабақтағы қақтығысқа Қазақстан бітімгерлік күшін жіберу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Сыртқы істер министрі Армения мен Әзірбайжан шекарасында қайта шиеленіскен ахуалға қатысты пікір білдірді. Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, алдымен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бас хатшысы бастаған делегация оқиға орнына барып, жағдайды алты елдің басшысына баяндауға тиіс.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
14.09.2022
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Мәселе бұл қырынан қаралып жатқан жоқ. Кеше ҰҚШҰның шұғыл отырысында Армения премьер-министрі ҰҚШҰ-ға мүше ел басшыларына Әірбайжан мен Армения шекарасындағы ахуалды баяндаған. Екі жақтан екі түрлі ақпарат келгендіктен, бізге объективті ақпарат жетіспейді. Сол себепті де ҰҚШҰ Бас хатшысын оқиға орнына жіберіп, жағдайды өз көзімен көргеннен кейін мемлекет басшыларына хабарлау туралы шешім қабылданды.
Әзірбайжан мен Армения шекарасында екі күннен бері тыныштық жоқ. Атыс-шабыстан жүзге жуық адам оққа ұшты деген ақпарат бар. Қос тарап шабуыл жасағанын мойындамай, әдеттегідей, бір-бірін кінәлауда. Әзірбайжан қорғаныс министрлігі қарулы қақтығыстың басталуына армян сарбаздары шекара маңына шоғырланып, арандатуға себеп болғанын айтады. Алайда ресми Ереван мұны жоққа шығарып, Әзірбайжан әскері артиллерия мен ұшқышсыз ұшақтар арқылы атқылағанын мәлімдеді.
Алдыңғы соғыста жеңіліске ұшыраған Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұрап, күні кеше Ұйымға мүше елдің басшылары онлайн жиын өткізген болатын. Президенттер жағдайды келіссөз арқылы ғана шешуді қолдап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!