Жамбыл облысында жаңа салған үйге коммуналдық желі жүргізуді ұмытып кеткен
Жамбыл облысының шенділері жаңа салынған үйге коммуналдық желіні жүргізуді ұмыт қалдырған. Соның кесірінен 18 отбасы тиесілі баспанасына қоныстана алмай жүр. Тұрғындар билік өкілдерінің мұндай өрескел қателік жіберуін түсінбей отыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
14.09.2022
Бақберген Меңлібаев, Жуалы ауданының тұрғыны:
- Жуалы ауданының жас отбасыларына жаным ашиды. Ол жерде шыбыншіркейлер тұрып жатыр. Шындап келгенде, тозатын уақытына жетіп қалды. Неге ЖКХ, аудандық әкім қарастырмайды?
Жуалы ауданы орталығындағы үш қабатты 18 пәтерлі үйдің құрылысы өткен жылдың желтоқсан айында аяқталған. Жергілікті халық бұл су жаңа нысан мал қорамен пара-пар деп күйінеді. Өйткені инфрақұрылым атымен жоқ. Соның кесірінен пайдалануға берілмей қаңырап бос тұр. Жұрт ұзақ жылдан бері әзер салынған үйді коммуналдық қызметсіз қалдыру – көпті мазақ ету деп есептейді.
Ал атқамінерлер жағдайды «Нұрлы жер» жобасының тоқтап қалуымен түсіндіреді. Яғни осы аумаққа екі нысан қатарынан тұрғызылып, инфрақұрылым бірге тартылу жоспарланыпты. Бірақ мемлекеттік жоба жарым жолда тоқтап, екінші көпқабатты үйдің құрылысы аяқсыз қалған. Сол себепті дайын ғимараттың өзіне жарық пен су, газ бен кәріз жүйесі жалғанбаған. Дегенмен тұрғындар бұлай ақталуға негіз жоқ дейді.Өйткені билік өкілдерінде жағдайды реттеуге тоғыз ай болғанын айтады. Ал шенеуніктер дау шыққан соң ғана жаңа үйді коммуналдық қызметке қосуға жанталасып жатыр.
Асхат Жабағы, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:
- Жоспар бойынша 22-не дейін өтпелі. Жоспармен екінші үй биыл салыну керек еді. Екі үй біткенде бәрінің инфрақұрылымын бірге бітіруіміз керек еді. Инфрақұрылымға жалпы сметасы 88 миллион теңге, қазіргі таңда конкурс аяқталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!