Статистика: Жұмыссыз жүрген мамандар. Қажет мамандар
Диплом бар, жұмыс жоқ! Қазақстанда жоғарғы білімі бар 400 мыңға жуық маман жұмыссыз жүр. Екі қолға бір күрек таппай сабылғандардың көбі Алматы мен Түркістан облыстарында тұрады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының статистикасына сүйенсек, соңғы айда жұмыс іздеушілердің саны екі есеге артқан.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
15.09.2022
Тамыз айында 93 мыңнан астам адам электрондық еңбек нарығында түйіндеме қалдырған. Көбінесе заңгер, қаржыгер, фельдшер, биотехнолог пен сәулетші мамандықтары бойынша қызметке орналаса алмай жүр.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуіне сүйенсек, елде білім беру мен медицина саласында маман тапшы. Әсіресе тәрбиешілер мен олардың көмекшілеріне, университет пен колледж оқытушысына деген сұраныс жоғары. Жастар көбінесе жалақысы жоғары жұмыс іздейді. Ал біліктілігі жоқ еңбек қызметкерлерінің арасында жүк тасушы, құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысшыларды іздейтіндер артқан.
Ұлпан Шегенова, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департамент директорының орынбасары:
- Бос жұмыс орындарының өсуі барлық өңірде байқалады. Мысалы, Жамбыл облысында бос жұмыс орын саны екі есеге өскен, өткен аймен салыстырғанда. Атырау облысында 83 пайызға, БҚО-да 71 пайызға өскен болатын. Жұмыс іздеушілерге келсек, Алматы қаласында екі есеге өскен. Алматы облысында да екі есе өскен. Аса қажет мамандықтардың ішінде техника мен IT мамандары бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!