{metadescription}
Сарыағаш ауданындағы Нұрлы жол ауылында мектеп жоқ
Сарыағаш ауданындағы Нұрлы жол ауылында мектеп жоқ

Сарыағаш ауданындағы Нұрлы жол ауылында мектеп жоқ

Түркістан облысындағы оқушылар ескі жатақхана ғимаратында төрт ауысыммен оқуға мәжбүр. Сарыағаш ауданындағы Нұрлы жол ауылында мектеп жоқ. Ескі жатақхана 30 жылдан бері білім ошағына айналған. Ондағы 700-ге жуық оқушы он кабинетке сығылысып, мұғалімдер дәліздің бір бұрышында отыр. Тіпті төрт ауысымға үлгеру үшін бір сабақ 35 минутқа дейін қысқартылған.

Ата-аналар ауылға жаңа мектеп салып беруді сұрап отыр.

Қысылып-қымтырылып білім алып жүрген оқушылардың жайы қалай?

Нұрлы жол ауылындағы жалғыз мектеп 70-ші жылдары алма мен жүзім терушілерге жатақхана ретінде салынған. Ауылда ел көбейген соң, 30 жыл бұрын ғимаратты уақытша мектеп ретінде ашқан. Содан бері бұл жердің тақтасы мен партасы да ауыспапты. Қазір тар жатақханаға оқушы сыймай, амалсыз төрт ауысыммен оқып жатыр.

Ботагөз Медешова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:

- Үлкенім сағат 8-де барады, екінші ұлым сағат 12-де мектепке келеді, үшіншім 2-де оқиды. Төртіншім кішкентай қызым, екінші сыныпты сағат 4-те келіп, 7 жарым 8 де қайтады. Мектепте 45 минуттан емес, 35 минуттан оқиды. Себебі сынып жетпейді, уақыт жетпейді. Бізде әріпті әріпке қосып оқи алмайтын оқушылар бар. Олармен жұмыс істеу үшін сынып керек.

670 оқушыға мектепте бар-жоғы 10 кабинет бар. Сынып жетпегендіктен орындық пен үстел сыйған жердің бәрі сыныпқа айналған. Мәселен, мұғалімдер бөлмесі болмаған соң, 70 ұстаз дәліздегі бір столға жайғасқан. Ал аядай ғана бөлмеде директордың қос орынбасары, психолог пен медбике бірге отыр. Аядай ғимаратта тынысы тарылғанын оқушылар түгілі, мұғалімдер де мойындап отыр.

Ержан Бекназаров, Б.Омаров атындағы №50 мектептің мұғалімі:

- Санэпидстанция стандартқа сай емес дейді. Тақта, парта тесік дейді.  Есік алдында асфальт жоқ дейді. Оның бәрін мұғалімдер істемейді ғой. Есік алдын қолдан келгенше цемент құйдық, сөздің шыны. Шатыр істедік, оқушылар құламасын деп, мұзда тайғанап. Қолдан келгенше істеп жатырмыз, сонда да мұғалімдерге 670 мыңнан артық айыппұл салады, өздері төлейді.

Дәлізінен екі адам қатар жүре алмайтын мектептің мәселесін шешу үшін мұғалімдер есік алдындағы ескі ғимаратты да қажетіне жаратуға мәжбүр болыпты.

Әу баста асхана ретінде салынған ғимарат соңғы 10 жылда мектептің әмбебап орнына айналған. Себебі, кейде мұнда акті залы, кейде спортзал, ал кейде оқушыларға сабақ өтеді. Дәл мұнда қазір  ғимараттың тең жартысы акті залы, қалған жартысы мектептің қоймасы. Қоймаға мұғалімдердің өзі өзге мектептерден қалған парта, тақтаны жинап, жөндеп өз мектептеріне іліп қояды. Бұл мәселемен ауыл тұрғындары жеті жылдан бері білім бөлімінен бастап, облыс әкіміне дейін барған. Тұрғындар ауыл ішінен мектепке деп өз жерін беріп, құжатын да реттепті. Бірақ шенеуніктер жаңа мектеп салуға асықпайды дейді тұрғындар.

Қанат Шыныбеков, Сарыағаш ауданының тұрғыны:

- Мектептің 320 орындық боп құжатта жазылып кеткені жалған ақпарат болған. Сол кездегі білім басқармасының басшысы, сол кездегі директор болған адамдар соны жазып жіберген. Соны дәлелдейміз деп, осы уақытқа дейін келдік. Сендерге 320 орындық болғаннан соң, екі ауысымға 640 орындық болады, сендерге мектеп қалыпты деп бізді қайтара береді. Ал шын мәнінде жүз бірдеңеақ оқушы кетеді, шаршы метрге шаққанда.  

Ал шенеуніктер мәселені биылдан бастап шешіп жатырмыз дейді. Яғни мектеп жанынан жаңа ғимарат салуды жоспарлап отыр екен.

Дәулет Ақатов, Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

- Қазір 300 орындық мектептің құрылысы жоспарлануда, мердігер анықталды. Биылға жоспарланған 10 миллион ақшасына қазан айынан бастап шұңқыр қазып басталады. Жалпы құны 1 миллиард 151 миллион 712 мың теңге. Келесі жылдың оқу жылына пайдалануға беруге жоспарлануда.

Жаңа мектептің құрылысы бір жылда аяқталады дейді атқамінерлер. Егер білім ошағы уақытында салынса, Нұрлы жолдағы төрт ауысым сабақ кестесі толық жойылады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде