{metadescription}
Көлік жылдамдығын төмендеткенде жол апаты азая ма?
Көлік жылдамдығын төмендеткенде жол апаты азая ма?

Көлік жылдамдығын төмендеткенде жол апаты азая ма?

Жылдамдықты төмендету жол апатын азайтудың кепілі ме? Алматыда 2025 жылдан бастап кей көшелерде көлік сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүруіне тура келеді. Ал осыған дейін 80-мен алаңсыз жүйткіген әл-Фараби даңғылындағы шектеу 60-қа түсірілуі мүмкін. 

Қаланы дамыту бағдарламасында бекітілген  бұл өзгеріске қатысты пікір екіге жарылды. Атқамінерлер Еуропа елдерінің тәжірибесін негізге алғанын алға тартады.

Алматылық Дастан Қуандық бұл  жаңалыққа қуанбады. Шектеудің өзімен діттеген жерге өгіз аяңмен жететін ол енді тасбақадай жорғалап қаламыз ба деп қапа. Жолдағы апатты азайтудың амалын жобаны әзірлеушілер жылдамдықтан іздегеніне таң.

Дастан Қуандық:

- Миға қонбайтын әңгіме. Өйткені қазір 30-бен десе, ел-жұрт 20-мен жүреді, камераға түсіп қалмайын деп. 60 дегеннің өзінде 50-мен жүреді, қалада кептеліс көп. Жол апаты скоросттан емес, 60 пен жүріп келіп соғып жатқан жоқ. Бәрі кептелісте тұрып соғылып жатыр, кептелісте тұрғаннан кейін не істейді, телефон шұқылап шұқылап жолға қарамайды, сөйтіп соғылып жатыр.

«Алматы қаласын дамыту бағдарламасы» бертінде бекітілді. Онда жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін 2025 жылдан бастап жаңа жылдамдық режимі енгізілетіні тайға таңба басқандай көрсетілген.

Әзірге тек бірнеше көшені атады. Ірі магистральдар – Шығыс айналма жолы, әл-Фараби мен Рысқұлов даңғылындағы жылдамдық қазіргідей 80 болып қалмайды. Кей жерінде спидометрді 60-қа дейін түсіруге тура келеді. Ал Абай, Төле би секілді көшелерде сағатына тек 50, тіпті кей аумағында тек 30 шақырым жылдамдықпен жүруге тиіс деген шектеу қойылады.

Алексей Алексеев, автосарапшы:

- Магистраль көшелерде жылдамдықты 50-ге дейін төмендетуеуропалық тәжірибе. Бірақ ол жақта көшеде қозғалысы қалыпты, мәдениет қалыптасқан. Бәрі заңға бағынады. Ал Алматыда қалай болса солай жүретіні ешкімге жасырын емес. Бәлкім бір тәртіпке бағындыру үшін 50 шақырым жылдамдықты енгізу дұрыс та шығар. Ал 30 деген шектеу тек мектеп, балабақша, аурухана жанына ғана қойылу керек. Қалған көшеге ондай шектеу енгізудің еш қисыны жоқ. Мәселен, түнде сондай жылдамдықпен жүруге мәжбүрлеу ақылға қонбайды ғой.

Алматыдағы жылдамдықты реттеу тақырыбын мамандардың талқылағанына бес жыл болды. Он ойланып, жүз толғанып енді ғана «дұрысы осы» деп өзгеріске бекініп отыр. Жылдамдықты шектеу тәжірибесін Нидерланд пен Швеция елдерінің тәжірибесін алдық дейді.

Роман Барабашев, жобаны әзірлеуші:

- Бұл маңызды қадам, нәтижесін береді деп сенеміз. Зардап шеккендер 10 пайызға төмендейді деп айта аламыз. Мақсатымыз – адам өміріне қауіп туғызатын жолкөлік оқиғаларының санын азайту. Жобаны төрт маман әзірледік. Жаңа жылдамдық режиміне көшу жоспарын нақтылау үстіндеміз. Алғашқы өзгерісті 2023 жылы енгіземіз. Бірінші кезекте көшелер жөндеуден өткізіліп, арнайы белгілер қойылуы қажет.

Жоба әзірлеушілер жүргізушілер пікірін сұрамағанын ашық айтып отыр. Нидерланд пен Швеция тәжірибесіне сүйенгендер «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген пікірде.

Алматыдағы жылдамдыққа қатысты жұрт пікірі екіге жарылуы бірінші рет емес. Кезінде мегаполисті басқарған Бауыржан Байбек әл-Фараби даңғылындағы жылдамдықты 80-нен 60-қа түсіріп бір шулатты. Артынша, оның орнына келген Сағынтаев қайтадан 80-ді бекітті. Ал Досаевтың бұл түзетуі қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде