{metadescription}
Астанада аяқталмаған құрылыс 800 отбасын тентіретіп қойған
Астанада аяқталмаған құрылыс 800 отбасын тентіретіп қойған

Астанада аяқталмаған құрылыс 800 отбасын тентіретіп қойған

Елордада аяқталмаған құрылыс 800 отбасының бас ауруына айналды. Баспаналы болғысы келген бір топ астаналық былтыр мердігер компанияға ақша салған. Олар келісімшартпен алатын пәтерінің ақшасын толық төлепті. Алайда қазір не үйге кіре алмай, не ақшасын қайтара алмай жүр.

Өйткені 21 қабатты құрылыстың бітетін түрі жоқ. Қыс тақаған сайын уайымы ұлғайған тұрғындар не дейді? 

Құрылыс жағалап сабылып жүрген адамдардың алды осыдан екі жыл бұрын қоныс тойын тойлау керек болған. Бірақ тойдың ауылы алыс. Салынбаған үйіне жинап-тергенін түгел санап берген тұрғындардың түсі төртке, ойы онға бөлінген. Тіпті мердігерден өз үйінің қашан бітетінін сұрауға қорқып қалған.

Жасұлан Тойшиев, салымшы:

- «Өркеннің» директоры Омаров Болатқа барсақ, бізді қорқытады: «қазір келісімшарттарыңды үзіптастаймын, соттаймын, бұзып тастаймын, оған қақым бар» дейді. Мені талай рет 102 нөміріне хабарлап, шақырып салып жіберген күндері болды. Бәрі қоныс тойын тойлап жатыр. Ал бізде ондай нәрсе жоқ. Міне, біреуінің жүзінде күлкі жоқ, барлығында мұң, уайым, қалай несие төлеймін? Қашан пәтерден қуып шығады?

Тұрғындардың іші күйетіні, олар қабырғасы да бітпеген пәтерінің ақшасын жүз пайыз төлеп қойған. Біреулер сол үшін өзі тұрып жатқан үйін сатқан, несие алып қарызданып, қауғаланған. Ал енді не қоныс жоқ, ай сайын несие қысып барады. 

Динара Молданова, салымшы:

- Тағы бірдеңе деп сөйлесең, «арзан алғансыңдар» дейді. Дәл сол сәтте  басқа құрылыс компаниясымен салыстырғанда, біз арзан алып тұрған жоқпыз. Сол кездегімен есептесең, 500-600 мың айырмашылық болды. Мынау жақсы салынған, таныстарымыз «Сенатордың» өзінен алғаннан кейін, мынау да жақсы болады деп ойладық.

 Құрылыс басталды дегеннен-ақ жұрттың көрмегені жоқ. Кейбірі пәтер алушылардың тізімінде болмай шығып, соттасып жүріп ақша бергенін әзер дәлелдеген. Әкімдік мердігер компания мен тұрғындардың басын қосыпты. Бірақ одан да ештеңе шешілмеген сыңайлы.

Сәуле Баймақанова, салымшы:

- Әкімдік сіздердің екі таңдауларыңыз бар дейді. Сотқа беріңіздер немесе осылай артынан жүгіріп жүресіздер деді. Өздерің шешіңдер, келісімшартқа қол қойған өздерің дейді. Сотқа берсеңіздер, ол өзінің жер участкілерін, көліктерін сатып, үйлеріңізді аяқтап берер деп отыр. Мынау күлкілі ғой тіпті.

Ал мердігер компаниясының атынан келген өкіл тілшілерді көре сала,ат-тонын ала қашты. Келісімшартқа әкімдіктің еш қатысы жоқ. Сондықтан олар да мәселені шешуге қауқарсыз. Бәрінің үміті енді тек сотта.

Еркебұлан Сережа, Астана қаласы орта сапасын бақылау басқармасы Алматы ауданы инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Бұл құрылыс салушы мен салымшылар арасындағы келісімшарттық қарымқатынас. Бұл мәселе бойынша сұрақты шешу үшін салымшылар құрылыс салушыға сотқа шағымдануына құқылы. Тек қана салымшылардың арасындағы азаматтық қарым-қатынас болғандықтан, тұрғындарға сотқа жүгінуге кеңес берілді.

Бас қосудан үмітті болған тұрғындардың көңіл күйі жоқ. Енді не істерін білмейді. Ал астанаға күз ерте келеді. Сабылған жұрт күн суытпайғ жылы баспанаға кіреміз деген үміті ақталмайтынын біліп тұр. 

Аты дардай «Сенатор» тұрғын үй кешенінің сыйқы қазір суретшінің бітпей қалған картинасындай. Салымшылар әр кірпіштің қашан салынғанын жаттап алған. Тіпті соңғы тиынын санап берген кей тұрғын су мен жылудың жоқтығына қарамастан, аяқсыз қалған құрылыстың ортасында тұруға мәжбүр. Өйткені пәтер жалдап тұруға ақшасы жоқ. Нысан қоршаулы болғандықтан олармен тілдесе алмадық. Ал уәдесін сан мәрте шегерген құрылыс компаниясы Есілдің сол жағалауында әлі де бірнеше үй тұрғызып жатқан көрінеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде