{metadescription}
Павлодар облысында қаңғыған иттер малға шауып жатыр
Павлодар облысында қаңғыған иттер малға шауып жатыр

Павлодар облысында қаңғыған иттер малға шауып жатыр

Павлодар облысында қаңғыған иттер тұрғындарды қан қақсатып жатыр. Бұралқы иттер өрістегі ұсақ малдарға шабуылды үдеткен. Тұрғындар қыста қораға түсе ме деп қауіптенеді. Сондықтан билік өкілдерінен қаңғыған иттердің көзін құртуды талап етеді.

Қойды қанжоса қылып қарнын ақтарған қасқыр емес – кәдімгі ит. Қаңғыған иттер өрістегі ұсақ малды жайратып азық етуді әдет қылған. Әбден мезі болдық деген тұрғындар енді бар жұмысын тастап, қойды жабайы иттерден қорғап әлек. Ауылда қой саны кеміп барады. Есесіне бұралқы иттер көбейген. Ауылға келген қонақты ең бірінші күтіп алатын да осылар.

Жұрт итті атуға заңмен тыйым салынғанын біледі. Сондықтан өздігінен оларды өлтіре алмайды. Бұралқылар да соны білгендей, шабуылға көшкен.

Сәкен Рахымжанов, Таволжан ауылының тұрғыны:

- Қаңғыған иттер өте қорқынышты, адам екен деп именбейді, талап тастауға дайын. Көз алдымда қойдың туталақайын шығарды. Дым істей алмай қалдым. Өйткені иттер көп болды. Полиция, прокуратуға шағым түсірдік, бірақ нәтиже жоқ. 

Ауыл халқы қанша қорықса да, ұсақ малды үйде ұстай алмай өріске жібереді. Сорақысы соңғы уақытта үйірімен жүрген бұралқы иттер отардағы қойларға шабуды үдеткен. Тұрғындар жарты жылда 50-ге тарта малдан айырылдық дейді. Келтірілген шығын шамамен 2 миллион. Бұқараның көшеге шығуға да жүрегі шайлыққан – бұралқылар ауылға кіріп, байлаулы тұрған иттерді де жеп кететін болыпты.

Наталья Бабич, Таволжан аулының тұрғыны:

- Балаларды мектепке ертіп апарып, ертіп әкелеміз. Өйткені өте қауіпті. Адамның көзінше қойды талап жатқан бұралқылар балаларды аяйды дейсің бе? Бала түгілі, өзіміз көшеде жалғыз жүруден қалдық.

Таволжан ауылында төрт мыңнан аса тұрғын бар. Басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Енді олар бұл ата кәсіптен жаппай бас тартқалы отыр. Өйткені өсірген мал итке жем дейді.

Ал жергілікті билік иесіз жануарларды атуға заңмен шектеу енгізілгенін айтады. Тек аулап, стерильдеуге рұқсат бар. 

Мұхтар Ысқақов, Равнополь ауыл округінің әкімі:

- Бұл өте қиын жағдай. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Тұрғындардың шағымымен ветеринарлар төрт мәрте келіп, ит аулаған. Жалпы саны 50-ге тарта бұралқы итті алып кетті.

Тұрғындар қаңғыған иттердің қалай қаптап кеткенін түсінбейді. Бұқара қорқыныштың көкесі қыста бола ма деп күдіктенеді. Өйткені жазықтан азық таппаған бұралқы иттер ауылға кіріп, мал мен адамға бірдей шаба ма деп үрейленіп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.