БЖЗҚ қызметкерлері жылына 8 миллиард жұмсайды екен
Зейнетақы қорының әкімшілік шығындары депутаттың жағасын ұстатты. Табысы аз, тек мемлекеттік бюджеттің мойнында отырған қор бар-жоғы мың жарымдай қызметкерінің жалақысына жылына 8 миллиард теңге жұмсайды деп ашулы Аманжан Жамалов.
Автор: Әзиза Төленби
21.09.2022
Халық қалаулысы не Үкіметке, не белгілі бір министрлікке бағынбайтын Қордың жұмысын толық реформалау керек деп есептейді. Әйтпесе осыған дейін де, кейін де бөлінетін қыруар қаржы желге ұшады деп отыр. Мысалы, президент 1-қыркүйектегі Жолдауында базалық және ортақ зейнетақының өсетінін айтқан. Бұған бюджеттен қосымша 421 миллиард теңге бөлінбек. Алайда зейнетақы қорының жинақ мөлшері өзгеретін түрі жоқ. Ал ұйымның әкімшілік шығыны 13 миллиард теңгеге жеткен дейді мәжілісмен. Оған қарағанда бүтін елдің әлеуметіне жауапты еңбек министрлігінің шығыны аз екен. Сондықтан Жамалов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын Есеп комитеті тексерсін деп отыр.
Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:
- Бір таңқаларлығы, олар өз ақшасын салымшылардың ақшасына қарағанда әлдеқайда тиімді басқарады. Оның үстіне акционерге, яғни Үкіметке дивиденд төлемейді. Осы жылдар ішінде зейнетақы қоры қазақстандықтардың зейнетақы жарналарынан алынатын комиссиялардың арқасында 211 миллиард теңге жинады. Бұл ақшаның барлығы өз иеліктерінде қалды. Оны өз қалауы бойынша басқарады және бөледі. Есеп комитеті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы жылдардағы шығыскірісін тексерсін. Бұл ұйымды Үкіметтің тікелей қарамағына немесе еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқаруына беру туралы мәселені қарау қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!