Дәрігерлерді қызмет пәтерінен қуып жатыр – Атырау облысы
Дәрігерлер далада қалуы мүмкін. Атырау облысындағы ақ халаттылар қызмет пәтерлерінен қуылып жатыр. Жылыой ауданы ауруханасының қызметкерлеріне бір ай ішінде баспананы босатуды талап еткен.
Автор: Жанат Молдашова
26.09.2022
Аяқ астынан мұндай хабарлама алған медицина мамандары енді қайда барамыз деп ашынып отыр. Өйткені бірі көпбалалы ана, бірі зейнет жасында. Дәрігерлердің жанайқайын КТК тілшісі тыңдап келді.
Атырау облысы Жылыой ауданындағы орталық аурухананың дәрігерлеріне 2016 жылы әкімдіктен қызмет пәтері берілген. Жалға берілген баспананы кейін сатып алу құқы болған. Бірақ үш жылдан кейін құзырлы органдар бұл шартты бұзып, қызмет пәтері ретінде қалдырған. Ол аздай, енді әкімдік аяқ астынан бір ай ішінде баспананы босатуды талап етіп отыр дейді шағымданушылар. «Шиттей бала-шағамен далада қаламыз ба?» деп ашынған ақ халаттылардың бірі көпбалалы ана, ал бірі қырық жылға жуық еңбек еткен ардагер.
Гүлзипа Қалиева, Жылыой ауданы ауруханасының дәрігері:
- Ауданда 35 жылдан бері еңбек етемін. Алты жылдан бері жанұя дәрігерімін. Күні кеше бізге хабарлама келді. Шарттарыңыздың бітуіне байланысты үйді босатыңыз деген. Біз түсіне алмай жатырмыз. Бұл үйді алғанымызға жетінші жыл. Қазақстан тұрғынүй кодексі 109-бабында бұл үйді мен 10 жыл жұмыс жасағанда үстеме ақымен алуыма болады екен.Бірақ маған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы адамдары қайта-қайта келіп, үйді босатып, кілтті тапсырыңыз деп жатыр.
Салтанат Шамшенова, Жылыой ауданы ауруханасының дәрігері:
- Мен далада қалайын деп тұрмын. Төрт баламен. Мектеп, балабақша керек. Балаларымның құығы бұзылайын деп тұр. Баратын жерім жоқ. Атаенемнің өз бала-шағасы, немерелері бар. Ол кісілерге төрт баламен сыймаймын.
Ескерту қағазын әкелген әкімдік өкілдері бұл пәтерлер енді жас мамандарға беріледі деген. Дәрігерлер осыған да ашынады. Айтуларынша, кезінде бұл мамандарды да қызметтік баспана береміз деп ауданға шақырып алған. Енді оларды тұрғын үй заңын бұзды деп айыптап отыр екен.
Лаура Ғаниева, Жылыой ауданы ауруханасының дәрігері:
- 22 қазанға дейін үйді босатуымыз керек. Себеп: ҚР Заңының 107-бабына сәйкес дейді. 107 бапта 9 тармақша бар, біздің еш қатысымыз жоқ. Оның ішінде бұзақылық, айқай-шу, не үшінші адамға жалға берсек. Бізге бұл еш сәйкес келмеді. Қатысы жоқ. Мынау сауатсыздық
Қызмет пәтері 2016 жылы ауданда 16 дәрігерге беріліпті. Бір қызығы, дәл осы ықшамауданда тұратындарға ғана баспананы босатуды талап еткен ескерту қазағы келген. Ал Жылыой ауданы тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы бұл хабарлама пәтерлерді босат дегенді білдірмейді, дәрігерлер хабарламаны дұрыс түсінбеген дейді.
Еркебұлан Аққұсов, Жылыой ауданы ТКШ бөлімінің басшысы:
- Хабарлама бәріне беріліп жатыр. Олар сол үйде тұрып жатса, ешкім мәжбүрлеп шығармайды. Мақсатсыз, айдаланған жағдайда, сол кезде ғана сотпен шығарылады.
Әкімдіктегілердің айтуынша, қызмет пәтерлеріне қатысты халықтан шағым жиі түседі екен. Осыған байланысты мемлекеттің меншігіндегі баспанада тұрып жатқан аудандағы 40 қызметкерге ескерту қағазы жолданды дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!