Заңгерлердің кеңесі: Пәтер иесі үйді шұғыл босатуды талап етсе ...
Елімізде жалға берілетін баспана құны өсіп барады. Тұрғын үй нарығындағы қымбатшылыққа ресейліктердің Қазақстанға ағылуы тікелей әсер етті дейді сарапшылар. Сұраныс артқан соң, пәтер иелері бағаны да екі есе көтеріп жіберген. Осы ушыққан мәселені шешуге Үкіметте әзірге нақты жоспар жоқ.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
27.09.2022
Сауда және интеграция министрі бәсекесі жоғары нарықты реттеу қиын екенін жасырмайды. Пәтер иесі баспананы шұғыл босатуды талап етсе. қайтпек керек? Заңгерлердің кеңесі қандай?
Әйгерім Уәлиева Семейдегі екі бөлмелі ескі пәтерді 60 мыңға жалдап тұрады. Күні кеше үйдің иесі бағаны үш есе көтеремін депті. «Мұндай қаражатты қалтам көтермейді» деген үш балалы келіншек енді не істерін білмей отыр.
Әйгерім Уәлиева, Семей тұрғыны:
- Кеше кешке жақын хабарласып: «180 мыңға көтердім, сен төлей алмайсың, 130 мыңға түсіре аламын» дейді. «Төлей алмаймын, неге бағаны көтердіңіз?» деп сұрадым. «Хабарландыру, міне» деп, мессенждерге жіберді. «Барлығы көтеріп жатыр, көтеремін, тұрғың келмесе, кете бер» дейді.
Елімізде Әйгерім сынды құны шарықтаған пәтер ақысын төлей алмай тығырыққа тірелген отбасылар көп. Әлеуметтік желіде «үйдің иесі қуып шықты, далада қалдық» деген видеолар да қаптады.
Ресейліктердің Қазақстанға ағылуынан кейін тұрғын үй нарығындағы баға құбылып шыға келді дейді сарапшылар. Яғни орналасқан жеріне қарай 20 - 40 пайыз аралығында өскен. Жалдамалы тұрғын үй нарығының көлеңкелі тұсы көп екенін үкіметтегілер де мойындайды. Оның үстіне мұны реттеу қиын. Өйткені пәтерді жалға беретін және алатын адамдардың қарасы қалың. «Ал барлығын бірдей қадағалау мүмкін емес». - дейді вице-премьер Серік Жұманғарин.
Серік Жұманғарин, ҚР премьер-министрінің орынбасары, сауда және интеграция министрі:
- Іс жүзінде бұл бәсекеге толы сала. Әрине, оны қандай да бір қатаң қадағалау арқылы ретке келтіруге болады. Бірақ одан кейін оны бақылау әрі мониторинг жасау қиын. Біз әр азаматқа қандай баға қою керегін айта алмаймыз ғой. Монополистері бар нарықты реттеуге болады. Онымен айналысып та жатырмыз. Бірақ сатушылар көп болғанда, оларды қалай реттейсің?
Заңгер Ғабит Өмірбек келісімшартқа отырмаған тұрғындардың да құқығы сотта қорғалатынын айтады. Сондықтан ескертусіз жалдамалы баспана құнын бірден көтеріп, бір күннің ішінде босатыңдар деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ дейді ол.
Ғабит Өмірбек, заңгер:
- Сіз пәтерге айына 150 мың теңге төлеп жаттыңыз. Сізге «500 мың төле немесе босат» деді. Сіз айтыңыз, «мен босатпаймын» деп. Полиция шақырамын десе, шақыра берсін. Полиция қызметкеріне айтады: «азаматтық тұрғыда бұл кісі мені пәтерден босатқызу үшін бір ай бұрын алдын ала сотқа дейінгі талапарыз жазу керек болған. Егер де мен өз еркіммен кетпейтін болсам, сотқа беріп, азаматтық сот арқылы дауласып шешеміз» деп кетпей қоюға заң бойынша құқығы бар.
Мамандар пәтерін жалға беретін адамдардың ашкөздігіне қайран қалады. Өйткені сұраған бағаға үйдің сапасы мен орналасқан жері сай емес. Отандастарымыз заң алдында құқығын қорғап, келісімшартқа отырып үйренуі тиіс дейді заңгерлер. Ал, шенеуніктер шарықтаған бағаны ауыздықтауға аянып қалмаймыз деп отыр. Тек бағаның қашан реттелетінін ешкім дөп басып айта алмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!