{metadescription}
Екі ауылдың оқушылары тозығы жеткен ескі үйде оқып жүр – Алматы облысы
Екі ауылдың оқушылары тозығы жеткен ескі үйде оқып жүр – Алматы облысы

Екі ауылдың оқушылары тозығы жеткен ескі үйде оқып жүр – Алматы облысы

Алматы облысында екі ауылдың 200-ден астам оқушысы тозығы жеткен ескі үйде білім алып жүр. Көкбел және Көмірші елдімекендеріндегі екі мектептің күрделі жөндеуі жаз шыққанда басталып, жаңа оқу жылы қарсаңында бітуі керек болған.

Алайда ауылдың оқушылары қазір жеке тұрғын үйдің қуықтай ғана бөлмелерінде сабақ оқып отыр. Ал аудандағы атқамінерлер мемлекеттік бюджеттен қаражат толық бөлінбеген соң, жөндеу аяқталмады деп ақталып отыр.

Райымбек ауданына қарасты Көмірші ауылында 150-ге жуық түтін бар. Маусым айында елдімекендегі жалғыз мектепке күрделі жөндеу басталып, жаңа оқу жылы қарсаңында бітпей қалған. Осылайша қазір ауылдың 120 оқушысы іргетасы 1960 жылы қаланған екі ескі тұрғын үйде бөлініп оқып жүр.

Бағила Ырғынбаева, Көмірші орта мектебінің директоры:

- Мектеп қанша дегенмен нормативке, стандартқа сай болуы керек. СЭС-тің, гигиена талаптарына сай болуы керек. Енді бұл жерде қанша дегенімен, ол талаптың көбі орындалмайды. Сондықтан талапқа сай деп айта алмаймын. Құрылыс осы жылдың маусым айында басталды. Құрылыс қыркүйек айында бітуі керек болатын. «Шах» деген құрылыс компаниясы.

Дәл сол құрылыс компаниясы Көкбел ауылындағы мектепке де күрделі жөндеуді жүргізіп жатыр. Бұл ауылда да бүлдіршіндер тоз-тозы шыққан жеке тұрғын үйде сабақ өтеді. Оның өзі жарты ғасыр бұрын салынып қазірге дейін қаңырап тұрған алты бөлмелі баспана. Амал жоқтығынан мұнда ауылдың 111 оқушысы қысылып-қымтырылып екі ауысыммен оқиды. 

 Айдос Дүйсенбай, Көкбел ауылының тұрғыны:

- Ешкімнен сұраған жоқ. Осы жерден үйді ашты да, мектеп жасады. Бұл – үй, мектеп емес. Осы үйге алып келеміз. Ит қауып ала ма дейсің. Мектептің аты мектеп қой. Онлайн дедік, болмады. Талай атаана қарсы болды, бәрібір осы мектепте оқытып жатырмын, үйдің ішіне.

Оқушылардан бөлек, ұстаздар да тар жердің тауқыметін тартқан. Мәселен, мектептің 34 мұғалімі тар жерді тамаша қылып отыр. Сорақысы, балалармен қоса ұстаздардың бәрі бірдей бұл үйге сымайды екен. Тіпті нөсер жаңбыр жауса, мұғалімдердің бір бөлігі құлауға шақ қалған қораның астында тығылып тұрады.

Алма Байтүрекова, Көксай орта мектебінің директоры:

- Бұл үй ғой. Стандартқа сәйкес келмейді. Амалсыз кірдік. Төтенше жағдайдан, СЭС-тен, прокуратурадан рұқсат берілмейді. Бірақ бізге онлайн оқуға рұқсат бермегеннен кейін амалсыздан осы жерге кіруге мәжбүр болдық.

Ауылдағы жалғыз мектеп 1988 жылы салынып қолданысқа берілген екен. Алайда сол уақыттан бері бір жөндеу көрмей, биыл ғана қолға алынған. Жаңа оқу жылының басталғанына бір айға жетіп қалса да, ғимараттың сиқы жаман.

Әу баста мектептің кейбір жөндеу жұмысына құрылысшылардан бөлек, ауылдың жігіттері де кіріскен. Жұмыстарын бітірсе де, әлі күнге дейін еңбекақысын да ала алмай сенделіп жүр.

Орынбасар Қасымбаев, Көкбел ауылының тұрғыны:

- Біз, төрт адам дәнекерші болдық. Есік, терезелерін жасадық. «Ақшаларың беріледі» деді. Бірақ, берілген жоқ. Тек 100 мың теңге ғана алғытөлем берді. Негізі үш адамға 500 мыңнан бөлінеді. Бір жарым миллион төлеуі керек болатын.

Қисық қондырылған терезелер мен жалпы жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына тұрғындардың көңілі толмай отыр. Соған қарамастан, құрылыс компаниясының өкілі екінші тоқсанға дейін мектепті толық бітіреміз деп сендірді.

Данияр Керекбаев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Басында үш айда бітіру керек болған. Мынандай мектепті үш айда ешқандай фирма бітіре алмайды. Бұл демонтаж, жаңа мектеп емес. Біз осыдан бір ай бұрын ескерттік, үш айда бітпейді деп. Сол үшін ауданға барып, білім бөлімімен қазанның отызына мерзім алдық.

Екі ауылдағы екі мектепке де күрделі жөндеуге үш ай мерзім берілген. Яғни оқу жылы аяқтала сала, 1-қыркүйек толық бітуі керек еді. Алайда компания өкілі үш айда үлгере алмай, мерзімді создық десе, аудандағы атқамінерлер кешігудің себебі – мемлекеттік бюджеттен қаржының толықтай бөлінбеуінен деп отыр. 

Ғалым Жусанбаев, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары:

- Көкбел ауылына келетін болсақ, 280 миллион теңге берген. 500 миллионның. 280 миллионмен жұмысын жасады. Енді қазір осы айда қалған ақшасын беріп отыр. Өздеріңіз көргендей, ол жерде мердігер тастап кетіп қалған жоқ. Жұмыс жүріп жатыр. Олар уәдесін беріп отыр, оқу корпусын қыркүйектің аяғына дейін бітіріп береміз, әрі қарай балалар кіріп оқи береді.

Бірақ Көкбел тұрғындары балаларын жөндеуі бітпеген мектепке кіргізуге үзілді-кесілді қарсы. Жұрт құрылыс ұзаққа созылса да, бастысы – сапалы жасалса екен дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде