Қазақстанның шалғай ауылдары интернетпен қамтылады
Қазақстанның шалғай ауылдары интернетпен қамтылады. Анау-мынау емес, америкалық миллиардер Илон Масктің SpaceX төмен орбиталық жүйесіне қосылып, интернеттің рахатын көрмек. Мемлекет басшысы бүгін Астанада өтіп жатқан Digital Bridge форумында цифрлық даму министрлігіне осындай тапсырма берді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.09.2022
Салаға жауапты шенеуніктер мен компаниялар президент пәрменін қалай жүзеге асыратыны уақыт еншісінде. Десек те «Қазақтелеком» мен цифрлық даму министрлігі ел аумағы емес, тек оның тұрғындарының 99 пайызы интернетпен қамтылғанын айтып жүр. Бұл көрсеткішке күмәнмен қараған Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күні бізге жағдайды паш ететін шынайы цифрлар қажет деді.
Бүгінде шалғайдағы үш мыңнан астам ауыл тұрғындарының сапалы интернетке қолы жетпей отыр. Мемлекет басшысы форумда мемлекетті басқаруды цифрландырудың жаңа форматы «Көрінбейтін үкімет» бағдарламасына көшу қажетін айтты. Жоба аясында азаматтардың өмірі жеңілдеп, бәрі тең мүмкіндікке ие болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Цифрлық технологиялардың көмегімен азаматтардың күнделікті өмірін барынша жеңілдетуге және бәріне тең мүмкіндіктерге қол жеткізуге ниеттіміз. Бұл үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың Invisible Government ("көрінбейтін Үкімет") сапалы жаңа форматына көшу қажет. Оның мәні мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде адамға, оның қажеттілігі мен мүддесіне бағытталған. Мемлекет қабылдаған шаралар мен шешімдердің кең ауқымы азаматтарға көрінбейді, олар нақты нәтижені ғана көреді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!