Екпені шатастырған медицина орталығы лицензиясынан айырылуы мүмкін – Ақтөбе
Ақтөбеде манту сынамасын БЦЖ екпесімен шатастырған медицина орталығы лицензиясынан айырылуы мүмкін. Осы емханадағы дәрігерлердің қателігін тексеру үшін қос бірдей комиссия құрылды.
Автор: Жаңалық Ахаш
28.09.2022
Олар мамандардың дәрі құтысын неге ажырата алмағанын анықтап, емдеу орталығындағы қызмет сапасын мұқият қарамақшы.
Қырық екі балаға екпе салуға рұқсат берген дәрігердің еңбек өтілі 40 жылдан асқан. Ал жанындағы мейірбике 16 жылдан бері осы салада қызмет етеді екен. Олар бірінші сынып оқушыларына екпені шатастырып салғанын мойындап отыр. Ампуланы ауыстырғандарын балалардың білегі ісініп, қолы іріңдеген кезде бірақ аңғарыпты. Енді қос комиссиядан басқа прокурорлар да аталмыш оқиғаны тексеруге кірісті.
Дегенмен Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері мен санитар мамандар оқушыларға қауіп жоқ деп сендіріп отыр. Енді Рауан ауылында манту орнына БЦЖ екпесін алған балалар алты айы бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Мектепке екі дәрігер мен екі медбикені жаңадан тағайындапты.
Екпе құтысын шатастырғандар жекеменшік «Медикус» орталығында жұмыс істейді. Бұл емхана мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсеткен.
Рүстем Исаев, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Сапаны бақылау комитеті тексеріс жүргізеді. Егер үлкен бұзушылық болса, онда лицензиясын да алуы мүмкін. Екінші, прокуратура қылмыстық іс қозғады. Соның шешімін күтеміз. Бірақ Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, бірден айта кетейін, бұл адамдар жұмыстан босатылады. Дәрігер мен мейірбике.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!