Барымташыларды табуға құлықсыз полицейлерді жұмыстан қуу керек
Жамбыл облысындағы төрт түлігі ең көп ұрланатын ауыл халқы наразылық танытып жатыр. Жыл сайын екі үйір жылқы мен ондаған қойдың қолды болуы әдетке айналған жұрт күйініп отыр. Барынан айырылып әбден ашуға булыққандар ұрыны табуға, істі ашуға құлықсыз полицейлерді шетінен жұмыстан қууды талап етуде.
Автор: Руслан Әбдіхалық
28.09.2022
Таңатар Тыныбеков, Ақжар ауылының тұрғыны:
- Жоғалып отырған тек 22 бас емес. Бексұлтан деген жігіттен үш бас кетті, Ораздан 6 бас кетті, Қуаныштан 10 бас кетті, Ербол дегеннен жылына екі бас малдан кетіп отыр.
Ақжар ауылының жұрты ұрланған малдың есебінен жаңылысатын күйге жеткен. Көпшіліктің сөзінше, қарақшылар өрістен үптен кетуі былай тұрсын, қорадағы төрт түлікке қырғидай тиеді дейді. Мұнда малы қолды болмаған адам жоқ. Күнде жоқ іздеген жандар күн көрісіміз төрт түлік еді, енді одан да айрылып жағдайымыз қиындады деп жыларман. Өткен айда көрші ауылдан 80 бас қой бір күнде жоғалса, екі жеті бұрын бір үйір жылқыны айдап әкеткен.
Тұрғындар тәртіп сақшыларының дәрменсіздігіне күйінеді. Тіпті полицейлер мен ұрылардың ым-жымы бір ме деген күдігі де бар. Ал құзырлы орын өкілдері жатпай-тұрмай ұрыларды іздеп, қолды болған төрт түліктің басым бөлігін иесіне қайтарғанбыз дейді.
Қанат Қожамқұлов, Жамбыл облысы ПД бөлім бастығы:
- Облыс аумағында ұрланған және жоғалған 781 бас малдың 139 басы жылқы, 97 ірі қара, 547 ұсақ мал. Яғни ұрланған малдың 59 пайызы егелеріне қайтарылды. Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары, сіздерден малдарыңызды бейберекет қалдырмауды сұраймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!