Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы сапарында қандай тапсырмалар берді
Семейдің инфрақұрлымы әбден тозған. Соның салдарынан жұрт жазда ыстық суға, қыста жылуға жарымай отыр. Бүгін Абай облысына барған Қасым-Жомарт Тоқаев тоз-тозы шыққан шаһардың экологиясын жақсартып, коммуналдық түйіткілдерді дереу шешуге тапсырма берді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
30.09.2022
Сондай-ақ өңірде тоғыз мың балаға мектепте орын жетіспейді. Президент бұл да кезек күттірмейтін мәселе екенін айтып, аймақта алдағы уақытта мектептер мен балабақшалар салынатынын айтты. Мемлекет басшысының Семейге жасаған сапары қалай өтті?
Семей тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ресеймен де, Қытаймен де шекетесіп жатыр. Абай облысына жұмыс сапарымен келген Президент осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану қажет деді. Қазір Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол тарту жоспарлануда. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ шенеуніктеріне шаһардағы қос көпірді жөндеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан ең алдымен қаладағы екі көпірді жөндеу қажет. Биыл мұнда жаңа көпірдің құрылысы басталды. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, оны үш жылда салып бітіруге тиіс. Сондайақ аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізуді тапсырамын.
Семей қасірет пен тоқырауды да бастан өткерген өңір. Осыдан 73 жыл бұрын алғашқы атом бомбасы да дәл осы Абай жерінде жарылды. Бас-аяғы 500-дей сынақ жасалып, мыңдаған адам қырылған. Бір жарым миллион адам түрлі айықпас дертке шалдықан. Сондықтан мемлекет басшысы ядролық сынақтардан зардап шеккендерді оңалту мәселесіне баса мән беру керек екенін атап өтті. Сондай-ақ полигоннан кейін өңірдің игерілмеген жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Аймақтың жер қойнауы полигонның кесірінен жылдар бойы игерілген жоқ. Сол себепті облыс аумағында ауқымды геологиялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Қазба байлық көптеп табылады деп ойлаймын. Тау-кен өнеркәсібін дамыту облыс экономикасын жандандырады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жаңадан құрылған Абай облысының орталығы – Семейде қордаланған мәселе көп. Шаһардың инфрақұрлымы сын көтермейді. Президент жазда ыстық суға, ал қыста жылуға жарымайтын жұрттың жанайқайына ерекше назар аударды. Оның үстіне жылумен қамтамасыз ететін қазандықтан шыққан қою түтін қаланың экологиясын ластап жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Үкіметке әкімдікпен бірлесіп Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық.
Мемлекет басшысы өңірдегі білім сапасына да баса мән берді. Мұндағы мектептерде 9 мың орын жетіспейді. Сондықтан алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз деген президент үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырды.
Соңғы жылдары Абай өңірінің экономикалық көрсеткіштері біршама жақсарған екен. Мәселен, былтыр облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 миллиард теңгеге жеткен.
Ал жыл басынан бері аймаққа 197 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Дегенмен президент облыс басшысына жаңа жұмыс орындарын ашып инвестиция тарту қарқынын үдетуге тапсырма берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!