Жалғызбасты аналарға үй кезегінде жеңілдік болмайды
Жалғызбасты аналарға үй кезегіне тұрғанда енді ешқандай жеңілдік жоқ. Жауапты министрлік мұны қағаз жүзінде ажырасудың көптігімен түсіндірді. Әсіресе биыл жалғызбасты болып кезекке тұрғандар саны көбейген.
Автор: Әзиза Төленби
03.10.2022
Бірақ соның барлығы «әдейі ажырасады» дегенге кезектегі аналар сенбейді. Жаңа талап шыққалы жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген әйелдер бүгін индустрия министрлігі алдында наразылық білдірді. Олар талай жылғы кезегінің бір күнде сызылуына үзілді-кесілді қарсы. Аналардың арызын қандай?
Мәдина Нұрым 2019 жылдан бері «Отбасы банкте» ақша жинайды. Жалғызбасты ана екі қызының аузынан жырып, жалақысының жартысын пәтерақыға, жартысын банкке құйып жүрген. Алайда аузым енді көкке іліне ме дегенде арманы орындалмай қалды. Өйткені осы айдан бастап толық емес отбасылар жеңілдікпен үй алатындардың тізімінен сызылып тасталған.
Мәдина Нұрым, жалғызбасты ана:
- Бағдарлама қай кезде шықты, сол кезден бастап «Шаңырақ» бағдарламасы, «Бақытты отбасы» бағдарламасына әркез арыз тастаған болатынмын. Алайда мен ұтпаймын. Мен адал салымшымын. Ақшамды мерзімінде салып тұрамын. Арнайы есепшотым бар, ол жерде ақшам жеткілікті жиналған. Статусым да, мүмкіндігім де болып тұр.
Мәдина сияқты мемлекеттік бағдарламадан құр қалғандар аз емес. Бүгін олар таң атқаннан Астанадағы барлық құзыретті органдарды жағалап жүр.
Мерейхан Жолдасова, жалғызбасты ана:
- Біз жалғызбасты ана ретінде өтініш бердік. Үш ай күттік. Үш ай күтіп, қорытындысы шыққан кезде, толық отбасы еместердің тізімінен алынып тасталды деп бізге хабарлама келді. Не үшін екенін, не себепті екенін білгіміз келеді.
Түске дейін кетпей табандап тұрып алған соң, индустрия министрлігі мен "Отбасы банктің" басшылығы аналардың сұрағына жауап беруге келді. Айтуларынша, «жалғызбастымын» деп, мемлекеттен жеңілдік алғысы келетіндер тым көбейіп кеткен. Өтірік ажырасатын "пысықайлардың" кесірінен, әлеуметтің басқа осал топ баспанасыз қалып жатыр екен.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ төрайымы:
- Біздің ойымызша, жалған ажырасу себептерінің бірі – адамдар кезекке тұрғысы келеді. Егер 1ші және 2-ші топтағы мүгедектер, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар санатымен, ең қорқыныштысы, мүгедектіктің өзі болса, "Толық емес отбасы" бағыты бойынша ажырасқаны туралы куәлік алу жеткілікті.
Ажырасу статистикасынан шошыған министрлік өтірік сан өспеу үшін жалғызбасты аналарды осылай қысқанды жөн көрген. Мәселен, 2020 жылы ажырасу өтініші саны 48 мыңға дейін азайса, былтыр қайта өсіпті.
Енді жалғызбасты аналар көппен бірге кезекке тұрады. Яғни оларға ешқандай жеңілдік жасалмайды. Мысалы, «Шаңырақ» бағдарламасының бес пайыздық жеңілдігімен 15 миллионға үй алуына болады. Әрине, оның пайызы көбірек. Өйткені енді жеңілдетілген несие алдымен мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Бірақ мұндай ережемен келіспеген бүгінгі жалғызбасты аналар барлық құзырлы орындарға шағымдануға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!