Ресейден келгендер Қазақстан азаматымен жалған некеге тұра ала ма?
Азаматтық алу оңай емес. Елімізге Ресейден келгендер ақша төлеп, Қазақстан азаматымен жалған некеге тұрғысы келетіні жайлы соңғы кезде жиі айтылуда. Алайда заңгерлер өтірік отау құру арқылы азаматтыққа қол жеткізу мүмкін еместігін айтады.
Автор: Салтанат Шырынхан
03.10.2022
Яғни еліміздің резиденті атану үшін кем дегенде үш жыл некеде болу керек дейді.
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде тарап жатқан видео көп. Жұртшылық оны әзіл-қалжын ретінде қараса, енді бірі қалтасын қампайтқысы келетінін жасырмайды. Алайда заңгерлер тығырықтан шығудың жолы бұл емес деп отыр. Яғни азаматтыққа қол жеткізу үшін жарымен мың күн бірге өмір сүруі керек.
Ғабит Өмірбеков, заңгер:
- Ол өтірік әңгіме. Келе салып, екеуі неке қия салып, келесі күні азаматтық алу деген біздің заңнамаға қайшы. Ерлізайыптылар неке қиған күннен бастап үш жыл уақыт өткеннен кейін шетел азаматы азаматты алуға немесе тұруға ықтиярхат алуға Көші-қон полиция басқармасына барып арыз жаза алады. Егер оның туған-туысы болса, шетел азаматына заңды түрде неке қиып керегі жоқ.
Өзге мемлекеттен келген азаматтардан ең алдымен нотариалды куәландырылған құжаты сұралады. Сондай-ақ өз елінің консулдығынан берілетін некеге құқық қабылеттілігі туралы қағазы болуы шарт.
Венера Галиева, АХАЖ бөлімінің басшысы:
- Мәселен, 11-12 некеге тұрған азаматтардың жұбайы және күйеуі ресейлік болды. Соңғы айда мобилизацияға дейін осындай әзірге бір жағдай ғана орын алды. Егер Ресей азаматы некеге құқық қабылеттілігі туралы анықтаманы азаматтығы бар мемлекет, яғни Ресей Федерациясы беруге тиіс. Сол жерде некеде еместігі, Қазақстан Республикасының азаматымен отбасын құруға еш кедергі жоқ екені көрсетіледі.
Әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты жақында отандық журналист тәжірибе жасап көріпті. Расымен танысу сайтында Ресейден келген азаматтар қаптап жүр екен.
Әсемгүл Қасенова, журналист:
- Қазір осы мәселе өзекті болғандықтан, зерттеп көргім келді. Ол жерде көбісі 20-30 жас аралығындағы жігіттер. Олардың жергілікті тұрғын емес екенін бірден аңғаруға болады. Парақшаларына «Жақында ғана келдім. Қаланы көрсетесің бе? деп жазған. Тұрғылықты жері ретінде Мәскеу, Петербургті көрсетіпті. Көбісі бір аптаға келген. Қалғаны тіпті қанша уақытқа қалатынын өзі де білмейді.
Айтуынша, барлығы уақытша пәтер жалдап тұрып жатыр. Әдеттегідей Ресей азаматтары да алдымен әңгімені арыдан бастап, жай араласуды ұсынады екен. Еліміздің ішкі істер министрлігі де Ресейден келгендердің барлығы елде қалып жатқан жоқ дейді.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Елімізге ресейліктердің көптеп келгені жасырын емес. Олардың біршамасы Қазақстанды транзит мемлекет ретінде пайдаланатындар да бар. Яғни виза талап етілмейтін біздің ел арқылы өзге мемлекеттерге ұшып кетіп жатыр. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстанға өткендер бар.
Заңгердің айтуынша, шетелдіктердің өз отбасы бар екенін жасырып қалатыны да бар екен. Ол кезде отандастарымызбен құрған некесі жалған болып саналады. Сондай-ақ оларды заңсыз тіркеген АХАЖ бөлімі жауапқа тартылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!