Жәрмеңкенің тұрғын үй маңында өткізілетініне қарсы шықты – Астана
«Қоқысын бізге қалдырады». Елордалық бір топ тұрғын бүгін ауыл шаруашылық жәрмеңкенің тұрғын үй маңында өтетініне қарсы шықты. Себебі, тауар қалдықтары айналаны ластап, жағымсыз жағдай тудырады дейді.
Автор: Елдос Есенбол
03.10.2022
Бұдан бөлек, сауда жасауға келген адамның көптігінен көлік кептелісі орнап, жолаушылар автобусы жүре көшеге кіре алмай қалады екен. Сондықтан қалалық әкімдіктен жәрмеңкені басқа жерге көшіруді талап етуде.
Әр жексенбі сайын «Астана Арена» стадионының артына шаһар халқы жаппай ағылады. Себебі, ол жерде ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі. Оған арнайы орын дайындап, темір қоршауларды қоюға Астана әкімдігі 16 миллион теңге бөліпті. Мұнда нарықтағыдан арзанырақ бағаға көңіліңіз шапқан дәмді ала аласыз. Ауылдың қаймақ-майын, құрт-ірімшігін, бақшаның жеміс-жидек көкөнісін осы жәрмеңкеден табасың. Бірақ таяқтың екі ұшы бар дейді тұрғындар.
Айдана Бейсебаева, Астана қаласының тұрғыны:
- Санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Жәрмеңкеден кейін біздің көргеніміз – саудагерлерден кейін тастап кеткен көп қоқсық. Оны екі күннен кейін бірақ жинады. Ол қоқыстың арқасында не бар екенін білесіздер, иісі өте жаман, сосын тышқан қаптайды деген сөз.
Иә, жәрмеңке болғаны жақсы, бірақ сатушылардың сауда аяқталған соң артын шашып кететіні бұл маңайдағы тұрғындарға ұнамайды. Маусымнан тамызға шейін бұл жердің саудасын жергілікті шаруалар қыздырса, тамыздың соңынан бері өңірлерден келгендер жәрмеңкеге кезектесіп шығып жатыр. Келімді-кетімді адам көбейгеннен кейін, жол тарылып, кіріп-шығу мүмкін болмай қалады дейді азаматтар.
Ақтолқын Рахметова, Астана қаласының тұрғыны:
- Демалыс күндері үйімізден шыға алмай қаламыз. Жәрмеңкеге келушілердің көптігінен мұнда көлік кептелісі болады. Тіпті автобус та аялдамасына кіре алмай, айналып өтеді. Бұрын жәрмеңке «Хан шатырдың» артында өткізілген кезде ешкімге кедергі келтірмейтін. Неліктен тұрғын үйдің алдына әкеліп қойғанын түсінбедік.
Тұрғындардың жәрмеңкені басқа жерге көшірсе деген талабы бар. Бірақ Астана әкімдігі «бұл мүмкін емес» деп отыр. Себебі, биылға бюжет бөлініп қойған. Тек өңірлерді қос-қостан шақырып, ертерек аяқтай аламыз дейді. Былтыр ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі қарашаның соңына дейін жалғасса, биыл осы айдың аяғында бітеді. Ал тазалық жұмысы мінсіз. Тіпті асфальтқа дейін жуылады дейді әкімдік өкілдері.
Әбділ Балтатегі, Астана қаласы кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция басқармасының бөлім басшысы:
- Жинау жұмысы жүргізіледі. Бірақ өткенде бір техникалық себепке байланысты бірден жиналмады. Қазір, екінші аптада жексенбі күні бітеді, сағат алтыда келіп қоқыстың бәрін жинап кетеді.
Ал тұрғындар айтқан ұсақ-түйек қалдықтар кейбір жауапсыз кәсіпкерлердің әрекеті деп ақталды шенеуніктер. Азаматтардың арызын ескеріп, келесі жылы ауылшаруашылық жәрмеңкесін қаланың басқа аумағында өткіземіз деп уәде берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!