Баспасөз бен телеарна жұмысын көрген мүгедек жандардың арманы орындалды
Журналист атануға әркімнің-ақ бар таласы. Алматыда ақпарат саласында қызмет еткісі келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған білім беру жобасы сәтті аяқталды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
03.10.2022
«Жас Қазақ» газеті мен «Шеврон» компаниясы бірлесе ұйымдастырған төрт айлық курста мүгедек жандар журналистиканың қыр-сырын үйреніп, баспасөз бен телеарнаның тыныс-тіршілігімен танысты. Оларға дәріс оқығандардың қатарында КТК арнасының қызметкерлері де бар. Жобаның мақсаты – тағдыр тәлкегіне түскеніне қарамастан, еңбек етуге құлшынысы бар қыз-жігіттерге қолдау көрсету.
Мақаласы газет бетіне шыққан Ақниет Жүнісбекованың қуанышында шек жоқ. «Бәріне ортақ журналистика» жобасының арқасында ол мәтін жазуға машықтанып, тілшілік тіршілігімен танысты. Баспасөз бен телеарнаның ішкі жұмысын көрген мүмкіндігі шектеулі жанның бала кездегі арманы орындалды.
Ақниет Жүнісбекова, үшінші топтағы мүгедек:
- Жобада стендап жасап үйрендім. Көптеген мақала жазуды үйрендім. Орысша жазылған мақаланы қазақшаға аударуды үйрендік. Көп нәрсе үйрендік. Маған бұл жоба ұнады. Сұхбаттасқан ұнады. Қуыршақ театрының актерлерінен сұхбат алдық.
«Жас Қазақ» газеті мен «Шеврон» компаниясы бірлесе ұйымдастырған төрт айлық курста мүгедек жандар журналистиканың қыр-сырымен танысып, ақпарат таратудың тәсілдерін білді. Оларға тіс қаққан мамандар дәріс оқып, теория мен тәжірибені ұштастыруды үйретті.
Захра Маханова, бірінші топтағы мүгедек:
- Журналист деген қолымда дипломым жоқ. Сондықтан сертификат алу мен үшін үлкен мәртебе. Егер мені бір мекеме журналист ретінде шақырып жатса, қуанар едім. Журналистикаға келер едім.
Жобаның мақсаты – ақпарат саласында қызмет еткісі келетін, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау.
Айнұр Сағымбайқызы, демеуші компания өкілі:
- «Шеврон» компаниясы бұл жобаны бірнеше жыл бойы қолдап келе жатыр. Біз инклюзив саясатты қолдағандықтан, барлығының бірдей құқығы бар. Білім алуға, жұмыс істеуге. Жоба көптеген мүмкіндігі шектеулі адамдарға жұмысқа тұруға керемет мүмкіндік беріп жатыр деп ойлаймын.
Курсқа қатысқан тоғыз адамға арнайы сертификат табысталды. Газетке жарияланған мақаласына әрқайсысына қаламақы да төленді. Ақпарат саласындағы алғашқы еңбекақысын алған жандар бірегей мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!