{metadescription}
Қазақстанға келген Ресей азаматтары туралы
Қазақстанға келген Ресей азаматтары туралы

Қазақстанға келген Ресей азаматтары туралы

Елімізге келген Ресей азаматтарына медициналық қызмет тегін көрсетілмейді. Дәрігерлер ауруы асқынып өміріне қауіп төнгендерге ғана көмектесеміз деп отыр. Ал жарақаты жеңіл азаматтар ақылы ем-дом алады.

Қазақстанда толғағы қысып босанып жатқан ресейлік әйелдер де аз емес. Жалпы көрші мемлекеттен ағылған көш әлі тоқтаған жоқ. Ірі қалалардағы қонақ үйлердің тоқсан пайызы меймандарға толған. Пәтер жалдау да күн сайын қиындап барады. Сондықтан пана таппай сабылған ресейліктерге түнеп шығатын арнайы орындар қарастырылыпты. 

Солтүстік Қазақстан облысында ресейліктердің саны күн сайын көбейіп барады. Басы ауырып балтыры сыздаған көрші ел азаматтары медициналық көмекке жүгініп те жатыр. Мәселен, СҚО-да 49 адам жедел жәрдем қызметін шақыртса, жетеуі ауруханаға жатқызылыпты. Осы аймақта аяғы ауыр екі ресейлік келіншек перзентхагаға жеткізілсе, оның біреуі аман-есен босанды. Дәрігерлер ауруы асқынып өміріне қауіп төнген шетелдіктерге ғана тегін ем-дом көрсетілетінін жеткізді.

Құмар Көсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазақстанға келген шетел азаматтарына медициналық қызмет көрсетудің тәртібі бар. Соның аясында өміріне қауіп төнген шетелдіктерге көмек көрсетілу керек. Ал жоспарлы немесе профилактикалық емдомдар ақылы, болмаса ерікті медициналық сақтандыру шеңберінде емделеді.

Алматыдағы Спорт сарайы төрт күннен бері ресейліктерге жеке сәйкестендіру нөмірін беретін орталыққа айналды. ЖСН алуға келген азаматтардың санында шек жоқ. Мұнда күніне шамамен 3 мыңға жуық адам құжатын өткізіп өтініш қалдырады екен.

Жалғасбек Увасов, Алматы қаласы көші-қон бөлімі басшысының орынбасары:

- Келіп жатқан адам саны өте көп. Егер тұратын орны болмаса, жергілікті әкімшіліктен сұрап, осы ғимаратта түнеуге болады. Арнайы жатын орындары ұйымдастырылған. Қазір 40 оператор қабылдап жатыр. Бір күнде 2500-3000 адам қабылдап жатырмыз.

Осы оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланып пайда табуды көздеген кәсіпкерлер де бар. Олар нысанның сыртында кофе, сусын пен тамақ сатып жүр.

Халыққа қызмет көрсету орталығында шұбырып жүрген шетелдіктердің бар уайымы – түнеп шығатын орын табу. Себебі, көңілге қонымды бағаға пәтер жалдау мүмкін емес.

Дмитрий Бритвин, Ресей азаматы:

- Үш күннен бері пәтер іздеп жүрміз. Қалта көтеретін бағаға әлі таппадық. Қазір хостелде жатырмыз. Жалға берілетін пәтер бағасы аспандап кетті. 180 мыңға бір бөлмелі баспана іздеп жүрміз. Мұндай бағаға ешкім үйін бергісі келмейді. Бізге кез келген аудан болатын еді. Іздей береміз. Ресейден түбегейлі кетуге бел будық. Қай мемлекетте тұрақтайтынымыз әзірге беймәлім.

Жылжымайтын мүлік агенттіктерінің мамандары елге қоныс аударып жатқан ресейліктердің саны азаймаса, жақсы ауданнан қолжетімді бағаға жалға берілетін пәтер табу арманға айналуы мүмкін деп болжады. Сарапшылар баға сұранысқа байланысты әлі сан мәрте құбылады деген пікірде.

Қуаныш Шәріпов, риелтор:

- Сұранысқа байланысты аз болып қалса бағалар түседі. Өйткені әрқайсысының ипотекасы, несиесі бар. Төлеу керек қой. Сол үшін бәрібір түсіреді. Бұл уақытша іс қой. Өйткені келешекте бәрібір баға түседі. Ресейліктер өмір бақи тұрмайды ғой. Шыны керек, біздің қазақтар бұлай төлей алмайды.

Алматыдағы қонақ үйлердің тоқсан пайызы толған. Үш, төрт, тіпті бес жұлдызды люкс отельдерде де орын тапшы. Хостелдерге орналасып, алдын ала кезек алып жатқан ресейліктердің де қарасы қалың. Бірақ шаһардағы қонақ үйлердің бағасы әзірге тұрақты. Көрші елден келгендердің арасында бір-бірімен жақын танысып, бірлесіп пәтер жалдап жатқаны да бар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

03 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде