Биыл жол апатынан екі мың адам өліп, 18 мыңы жараланған
Сатып алынған жүргізуші куәлігі мен сапасыз жол мыңдаған апатқа себеп болған. Жыл басынан бері екі мың адам бақилық болып, 18 мың жолаушы жараланған. Ішкі істер министрі бүгін Үкіметте осындай жантүршігерлік дерек келтірді.
Автор: Әзиза Төленби
04.10.2022
Бір ғана демалыс күндері 21 адам жол үстінде жан тапсырған. Жылдамдықты асырғыш жүргізушілердің көбі тәжірибесі аздар. Одан қалды көлік жүргізуді үйрететін мектептердің табалдырығын аттап көрмеген.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Қазір 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лицензияға рұқсат беруді алып тасталды. 2020 жылдан бері олардың қызметіне мемлекеттік бақылау да жоқ. Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылды. Осының кесірінен оқу процесі формализмге айналды. Көп мектептерде керекті материалдық база жоқ. Талдау көрсеткендей, жүргізушілер арасында адам өліміне әкеп соқтырған апаттардың 50%-пайызы – өзі көлік жүргізіп үйренгендер.
Жауапсыз жүргізішілерді бақылауды жоғалтып алғанын министрлік мойындап отыр. Өйткені бір жылда 150 рет жол ережесін бұзатын жүргізушілер де қаптап кеткен. Мұның бәрі тәртіптің осалдығынан дейді Ахметжанов.
Оның үстіне биыл елдегі автокөліктердің саны 5 миллионға дейін жеткен. Бұл темір тұлпардың жартысынан көбі ескірген. Ал техникалық байқауға келгенде «бармақ басты, көз қыстыға» салатындар тағы көп. Мысалы, былтыр 350 мың жалған құжат жасалыпты. 80 мың жүргізуші техникалық байқаудан өтпей жол үстінде ұсталып айыппұл төлеген. Жол көлік апатының ең үлкен себебі – жол сапасында дейді ішкі істер министрі.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Жаяу жүруге арналған жолдардың, жарықтың жоқтығына байланысты. Мысалы, 19-қыркүйекте Алматы облысының Талғар ауданында кешкі уақытта 10 жасар баланы қағып кетіп, ол сол жерде қаза болды. Бұл оқиға сол ауылдағы алғашқы жағдай емес. Әкімдер тарапынан бұл мәселе тез арада шешілмесе, жағдай қиын болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!