Президент сайлауы: Жалпы тіркелген кандидат саны он екіге жетті
Президент сайлауына тіркелген бес кандидат қол жинауға кірісіп кетті. Орталық сайлау комиссиясы оларды мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Конституция талаптарына сай деп таныды. Ал үміткер ұсынудың соңғы күнінде саяси додаға қатысқысы келетін тағы үш адам құжатын өткізіп, жалпы тіркелген кандидаттар саны он екіге жетті.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
11.10.2022
Салтанат Тұрсынбекованы «Қазақ аналары дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі ұсынса, теңгенің дизайнын салған суретші Қайролла Ғабжәлелов "Асар" қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға қатыспақ. Ал Бақыт Жаңабаев "Қазақстан әуесқой футболшылар" Қоғамдық бірлестігінің өкілі. Олар енді мемлекеттік тілден емтихан тапсырып, құзырлы органдардың тексерісінен өтуге тиіс.
«Қазақ аналары дәстүрге жол» Қоғамдық бірлестігі президент сайлауына Салтанат Тұрсынбекованың кандидатурасын ұсынды. Ұйымға мүше ақ жаулықты әжелер 56 жастағы заңгерге батасын беріп, таңертең Орталық сайлау комиссиясына шығарып салды. Тұрсынбекова мемлекеттік қызметтің түрлі сатысында жұмыс істеген. Соңғы жылдары тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы әлеуметтік жобаларға жетекшілік етіпті. Жамбыл облысының тумасы: «Басты міндетім – артылған сенімді ақтау» - деп, ағынан жарылды.
Салтанат Тұрсынбекова:
- Жинаған тәжірибемді, білімімді, біліктілігімді осы сайлауда сынап көрейін деген мақсатпен қатысып отырмын. Осы күнге дейін айналысып жүрген жобаларымыз, бағдарламаларымыз бар. Жалпы, отбасылық сала ғана емес экономика саласында да, кәсіпкерлік саласында да осы мәселелер толығымен бағдарламамызға кіреді.
Теңгенің алғашқы дизайнын салған суретші Қайролла Ғабжәлелов те бүгін құжат тапсырды. Оны «Асар» Қоғамдық бірлестігі саяси додаға қосуды жөн санаған. Ал ең соңғы болып Орталық сайлау комиссиясына Бақыт Жаңабаев келді. Ең қызығы, 46 жастағы Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерін спортшылар ұсынған.
Бақыт Жаңабаев:
- Әр адамның арманмақсаты бар шығар. Бірақ ондай нақты ұстанымым жоқ. Бірақ осы заманда елімізге жаңа үрдіс келіп жатқанда, жаңа дәуір келген кезде үнсіз көрермен болмай, қатысуға бел будым.
Осымен кезектен тыс сайлауға үміткер ұсыну мерзімі аяқталды. 23 қыркүйектен бері саяси бәйгеде бағын сынап көргісі келген бас-аяғы он бір адам тіркеліп үлгерді. Орталық сайлау комиссиясы мемлекеттік тілді меңгерген, Конституция талаптарына сай келетін бесеуіне қол жинауға ресми рұқсат берді.
Олар: халық коалициясы атынан қатысатын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» партиясының өкілі Жигули Дайрабаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – Нұрлан Әуесбаев, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар бірлестігі қосқан Мейрам Қажыкен және «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» қоғамдық бірлестігі ұсынған – Қарақат Әбден.
Өткен аптада құжатын өткізіп ұзақ тексерілген «Мұқалмас» Қоғамдық бірлестігінің өкілі Нұржан Әлтаев та қазақ тілінен емтиханда жоғары баға алды. Ал Қазақстан құрылысшылар одағы ұсынған Талғат Ерғалиев пен «Халық демографиясы» Қоғамдық бірлестігінен қатысатын Жұматай Әлиев тіл сынағына әлі кірген жоқ.
Орталық сайлау комиссиясы алдағы күндері алты кандидаттың Ата заңда көрсетілген талаптарға сәйкестігін анықтап, одан өткендері қол жинауға кіріседі. Саяси додада сынға түсетіндердің барлығы 20 қазанға дейін 118 мың жақтасының қолын қойдырып әкелуі керек. Содан кейін үгіт-насихат кезеңі басталады. Ел басқарғысы келетін үміткерлер өңір-өңірді аралап, тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі таныстыруға тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!