Алматы облысында мың жарым оқушы мессенджермен сабақ оқып жүр
Алматы облысында мың жарым оқушыға уатсаппен сабақ өтіп жүр. Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылындағы жалғыз мектеп мамыр айында күрделі жөндеуге жабылған. Ал аудандағы атқамінерлер 1 қыркүйектен бастап балаларды өзге үш мектепке тасымалдайтын автобус мәселесін реттеуге тиіс еді дейді ата-аналар.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
11.10.2022
Тіпті сол мақсатта мемлекет бюджетінен 22 миллионға жуық теңге бөлінген. Алайда бірінші тоқсанның аяғына тақаса да, оқушылар әлі күнге дейін мессенджермен білім алуда. Әбден ашынған ата-аналардың жанайқайы мен шенділердің уәжін КТК тілшісі тыңдап қайтты.
- Міне қараңыз, біздің баламызды. 5сыныпта оқиды. Бір жыл бойы сабағы бір жарымда басталады. Кешкісін сағат 6 ға дейін осы телефон, осы сабақ. Кешкісін көзім, басым ауырып тұр дейді. Соның бәріне кім жауап береді? Басқа балалар мектепке барады, біздің балаларымыз осылай.
Қазір Аида Әзизованың мектеп жасындағы үш баласы онлайн сабақ оқиды. Онлайн дегенде, бізге үйреншікті Zoom немесе Skype арқылы емес, кәдімгі жұрт қолданатын WhatsApp желісімен. Өйткені ауылда интернет жөнді істемейді. Одан қалса, жарық та жиі сөнеді. Осылайша, оқушылар Messenger арқылы мұғалімнен тапсырма алып, үй жұмысын видеомен жіберіп жүр.
Аида Әзизова, Гүлдала ауылының тұрғыны:
- Директор әне болады автобус, міне болады автобус, анау тендер болды, мынау болды деп, бізге күн сайын айтады. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ал зардап шегіп жатқан – балалар.
Үйден оқытуға мүмкіндігі жоқ жұмысбасты ата-аналар балаларын ескі ғимаратқа жібереді екен. Осында бірігіп, оқушылар онлайн сабақ өтеді. Ата-аналардың арасынан бір адам жеткіншектердің басы-қасында жүріп, үй тапсырмасын қадағалаумен айналысады. Ауыл балаларының бұлай қиналуы мектеп директорының кесірінен дейді жұрт.
Нұржәмилә Додаева, Гүлдала ауылының тұрғыны:
- Директордың сөзіне басында сеніп қалдық қой. Міне, тасымалдау болады, бар баланы жинап автобуспен апарамыз, қайтып алып келеміз, ешқандай проблема болмайды деп, алғашқы қоңырауда бүкіл халықтың алдында сөз берген. Сөзінде тұрмады. Бір ай өтті, бірінші тоқсан бітейін деді.
Ата-аналардың айқай-шуына мектеп директоры да жетті. Құжаттарын көрсетіп, әлек болған ол, ертеңнен бастап оқушыларды тасымалдйтын автобус келетінін айтайды. Десе де жұрт директордың сөзіне мүлде құлақ аспады.
Қуан Айтбаев, №21 орта мектептің директоры:
- Балалар үш мектепке тасымалданып оқытылады. 33, 17 және 24-ші мектептерге. 33 пен 17-ші мектеп Панфилов ауылында, 24-ші мектеп Қызыл ту ауылында.
Аудандағы атқамінерлер де ертеңнен бастап ауылға 54 орындық жеті автобус жүреді деп сендірді. Алайда тасымалдау мәселесінің бұлай ұзақ уақыт шешілмеуін сөзінен шатасып әрең түсіндірді. Оның өзінде де қағаз бен құжаттарға қараумен болды.
Ләззат Құрманбаева, Талғар ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Біз осымен конкурсты төртінші рет беріп отырмыз. Бірінші конкурста жеңімпаз атанған жеке кәсіпкер тасымалдаудан бас тартты. Одан кейін біз қайтадан конкурсқа жібердік. Ол кезде камера кеңсесі, конкурсқа қатысу тәртібінен сәйкес келмейтін тексеруден өтпей... Қалай айтады? Бас тартты.
- Білім бөлімінде жұмыс істейсіз ғой. Тіл жағынан кемшілік болмау керек деп есептеймін.
- Тәк, болды. Ұнамаса, алмай-ақ қойыңыздар.
- Сіз айтуға міндеттісіз.
Гүлдала ауылындағы мектеп оқушыларын өзге үш білім ордасына тасымалдауға мемлекет бюджетінен 22 миллионға жуық теңге бөлініпті. Ал тасымалдайтын компания байқауда 11 миллион 500 мың теңгемен қызметін ұсынған. Білім бөліміндегілер «қалған қаражатты үнемдедік» деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!