Алматыдағы бірқатар оқу орындары Қонаев қаласына көшіріледі
Алматыдағы бірқатар университет пен колледж Қонаев қаласына көшіріледі. Мегаполистегі көлік кептелісін шешу үшін Алматы облысының атқамінерлері осындай амал ұсынып отыр. Олар жаңа салынатын студенттер қалашағына арнайы аумақ бөлмек.
Автор: Асқарбек Қазанғап
11.10.2022
Ал идеяны жүзеге асыруға бір оқу орны орташа есеппен 110 миллиард теңге шығындалуы мүмкін. Университет басшылығы мен мұғалімдердің бұл мәселедегі пікірі қандай? Алматыдан Қонаевқа қоныс аударуға дайын ба?
Бертінде ғана аты ауысқан қала енді келбетін де өзгертпек сыңайлы. Әйтпесе кешегі Қапшағай бүгінгі Қонаевты көпшілік Қазақстанның «Лас-Вегасы» деп танитын еді. Енді жақын арада студенттер қалашығының қазығы қағылса, жастар шаһары деген атты еншісіне мұндағы атқамінерлер нық сенеді. Алматы облысының әкімдігі оқу орындарына жер беріп, инфрақұрылымын реттеуге дайынбыз деген алғашқы қадамын жасады.
Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы:
- Жалпы бұл идеяның туындауы Алматы қаласында жер телімдерінің аздығы. Сонымен қатар біраз университеттің жатақхана салуға мүмкіндігі жоқ. Себебі – жер телімі жоқ. Ал біздің ұсынысымыз қажет инфрақұрылымның барлығын қамтамасыз етіп, жер телімдерін береміз. Ол жерге студенттердің оқу орталығын, кампустар салуға болады, сонымен қатар жатақхана мәселесін де бірден шешуге болады.
Былай қарасаң, бұдан ешкім ұтылмайды. Қонаев қаласының тіршілігіне жан бітіп, тұрғындары, жұмыс орны көбейеді.
Алматыда қазір 36 жоғары оқу орны бар. Онда 190 мыңнан астам студент оқиды. Олардың үштен бірін көшіргеннің өзінде қаладағы қозғалыс саябырсиды. Айтуға оңай. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті қоныс аудару шығынын шамамен есептеп шығарды. Корпусын көтеріп, жатақханасын тұрғызуға тек соның өзіне, жоқ дегенде 110 миллиард теңге қажет.
Асқар Хикметов, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры:
- Егер ол жақта инфрақұрылымнан бөлек, оқытушыларға, университет қызметкерлеріне баспана, барлық студентке жатақхана беретін болса, бұл ұсынысты тиімді деп айтар едік. Ал университеттің осынша миллиард ақшаға құрылыс жүргізуі еш қисынға келмейді. Бәлкім, Үкімет университеттерді көшіру үшін несие, субсидия бөлуі мүмкін. Ондай жағдайда жобаны жүзеге асыруға жоқ дегенде 5 жыл қажет.
Оқытушылардың бірсыпырасы бұл жобаны жеті рет өлшеп, бір рет кесіп барып жүзеге асырған жөн деген пікірде.
Айжан Ыдырыстың Алматыдағы университеттің бірінде сабақ бергеніне он жылға жуықтады. Жылы орнын суытып жаңа қалаға көшуге әзір. Бірақ ол үшін тұрғын үйлер, мектеп пен ауруханалар салынған ауданға көшірсе дейді. Ал Алматыдан күнделікті Қонаевқа қатынау оңай емес екенін айтады.
Айжан Ыдырыс, оқытушы:
- Мұғалімнің өзін көшіру үшін, оның бала шағасы, балалары бар, кішкентай балалары, мектепте оқитын балалары, олардың бәріне де жағдай жасау керек. Тек мұғалімнің өзін ғана көшіріп алып кете алмайды ғой, оны жанұясымен толық көшіру керек. Студенттердің де жағдайын ойластыру керек, оларға да жатақхана берілу керек дегендей.
Алматы облысының әкімдігі қазірден бұл ұсынысқа қызығушылық танытқан екі-үш университет барын айтады. Студенттер қалашығына жерді жаңа ауданнан бөлуді көздеп отыр. Әзірге сөз жүзіндегі жобаның нақты қашан іске асатыны белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!