Ақтөбеде дәрігерлер «өлтірген» адам тірілердің қатарынан шықты
Ақтөбеде дәрігерлер тірі адамды өлілердің қатарына қосып жіберген. Соның кесірінен 68 жастағы Ромахан Кенжебаевтың бар құжаты жарамсыз болған. Тіпті есепшотындағы зейнетақысы мен айлығын да ала алмай отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.10.2022
Ол өзін сырттай о дүниеге аттандырғандардан «қайта тірілтуді» талап етеді. Қаладағы емхана қызметкерлері тіркеудегі науқастардың жеке сәйкестендіру нөмірін тергенде қате жібергенін мойындап отыр. Соның кесірінен әуреге түскен зейнеткермен КТК тілшісі кездесті.
68 жастағы Ромахан Кенжебаев әзілдеп, өзін тірі әруаққа теңейді. Осыдан тура бір апта бұрын құжаттарында «жаназасы шығарылып, жерленіпті». Қаладағы емханалардың бірінің маманы оны өлілердің қатарына қосып қойған. Соның кесірінен барлық банк карточкалары бұғатталып, жүргізуші куәлігінен бастап, шетелге шығатын паспортына дейін жарамсыз болып қалған.
Ромахан Кенжебаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Емханаға бардым. Компьютерден мені өлген деп көрсетіп тұр. Қалай? Мен тірімін ғой. «Жоқ, сен өліп қалдың». Жүгіріп ХҚКО-на бардым. Бастықтарына бардым, бәріне. Иә, айлық ала алмаймын. Барлық есепшот бұғатталған. Жұмыста да шотым бұғатта.
Өзін «о дүниеге аттандырғандарды» Ромахан Кенжебаев ақыры табады. Ақтөбедегі №4 емхананың қызметкерлері өлген адамдардың тізімін жасап, жеке сәйкестендіру нөмірін компьютерге тергенде шатасқан. Соның кесірінен зейнеткер сандалып жүруге мәжбүр.
Мереке Нұртазин, №4 емхананың бас дәрігері:
- Біздің емхана бойынша қайтыс болған адамдардың журналында компьютерге кіргізген кезде дәрігерстатистпен қателік шықты. Қателік шыққанда ЖСН-нің соңғы цифрын дұрыс жазбай, басқа цифрға ауыстырып жіберген кезде бұл ағайдың мәліметі шығып, осындай бір қателік болды.
Емхана басшылары кеткен қателікті мойындап, зейнеткердің бар шығынын өтейміз деп отыр. Ол үшін дәрігер-сарапшы нотариус арқылы қолхат та берді. Бірақ Ромахан Кенжебаевтің тірілер қатарына құжат жүзінде қашан қосылары белгісіз. Себебі, жаңа сәйкестендіру нөмірі беріліп, сол бойынша барлық куәлігі мен паспортын жаңалау керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!