Мектептің төте жолын дөкейлер өз пайдасына жауып тастаған – Алматы облысы
Мыңға жуық оқушы мектепке баратын төте жолды бай-бағландар мен дөкейлер өз пайдасы үшін жауып тастаған. Алматы облысында төрт саяжай тұрғындары осылай деп наразылық білдірді. Өйткені Бесағаш ауылындағы саяжайда білім ордасына 10-15 минутта жеткізетін үш бірдей көше жабылып, балалар мектепке айналма жолмен бір сағат жүреді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
12.10.2022
Әкімдіктегілер екі төте жолдың заңсыз жабылғанын енді ғана біліп отыр. Бесағаш ауылындағы Т»ау Самалы», «Апорт», «Самал», «Луч» атты төрт саяжайдың тұрғындары жол тауқыметін тартып келе жатқанына он жылдай болған. 700-ден астам оқушы ауылдағы үш мектепке барса, мыңға жуығы білім алу үшін Думан шағынауданына және Алматыға қатынайды. Ауылдан тыс білім ошағына жылдам жеткізетін төте жол жабылған соң, жеткіншектер шарасыздан мектепке жолдың жиегінен такси тоқтатып өзі барады. Ал алаңдаған ата-аналар сөмкені арқасына асынып алып, баласын мектепке ертіп апарады.
Мұрат Тәбитов, Бесағаш ауылының тұрғыны:
- Балаларымыз мектепке «Думанға» барады. Біз тасжолға шығып, айналып, кептеліспен жетуге бір сағат кетеді. Мына жерде 15 минутта жететін жол бар. Кәдігімгідей жол болған. Қалай сонда? Менің миым жетпейді! Екі ортада жатқан жолды жауып тастаған! Ары жақтағы көшені де жауып тастаған. Тағы бір үшінші нұсқасы – айналып өтетін жол. Оған да бетон қойып тастады.
Жұрт кезінде осы үш жолмен емін-еркін қалаға қатынап, баласын мектепке апаратын. Айтуларынша, біріншісі осыдан 10 жыл бұрын жабылса, екіншісіне бес жыл бұрын қақпа тұрғызылған. Енді тағы бір шаһарға жылдам жеткізетін үшінші көше де жабық.
Үш көше жабылған соң тұрғында Талғар мен Алматыны жалғайтын тасжолмен жүруге мәжбүр. Қазір түскі уақыт, соның өзінде де көліктің нөпірі көп. Ал жұрт жұмысқа баратын таңғы уақыт пен үйіне қайтатын кешкі уақытта жүру мүмкін емес. Қарапайым қаланың өзіне шығуға таң атпай кептелісте екі сағат уақыт кетеді.
Жұрт жүріп жүрген бірінші көшенің қақ ортасына қақпа қойған үйдің иесі «жолды ашпаймын» деп қасарысып тұрып алды. «Бәрі заңды» дейді. Бірақ тұрғындарға құжатын көрсетпеді.
Амантай Рақым , Бесағаш ауылының тұрғыны:
- Біз жолды жабамыз деп сұрап алғанымыз жоқ,. Бізге солай сатылды. Жерді сатып алдық. Солай бөлінген. Бізде құжат бар. Әкімдік бізді сотқа берді. Сот шешімі бар. Бұл жерде бас жоспар бойынша жол жоқ.
Ал екінші көшедегі үйдің иесі қалаған уақытында қоршауды ашады, қалаған уақытында жауып қояды екен.
Көше бойындағы тұрғындар мұнда әбден жайғасып алған сыңайлы. Кіреберісінде қақпа тұрса, дәл жолдың бойынан септиктер қазылған. Бұл жерде бұрылыс болғанын газ құбырларына қарап-ақ аңғаруға болады. Соған қарамастан, дәл астындағы жер қоршаумен қоршалған. Ал үшінші жолдың үстіне бетон қойып, көлік жүргізбеген сол маңдағы жергілікті тұрғындар екен. Ауыл түгілі, аудан әкімдігі де саяжайдағы екі жолдың заңсыз жабылғанын енді ғана біліпті.
Айбек Бидаев, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:
- Жоғарғы жол – біреудің жекеменшік жері. Ол кісінің қолында сот шешімі бар. Бүгінде соттан жоғары ешкім жоқ. Сондықтан сот шешімі сол жердің иесінің пайдасына шешіп берген. Екінші жол – ол жолды ашуымыз керек. Заңсыз біреу жауып алған.
- Жұрттың айтуынша, бұның жабылғанына бес жылдай болған. Сол уақыттан бері заңсыз екенін ауыл әкімі білмеді ме? Сонда көз алдында осылай жасай бере ме? Қалай білмедіңіздер?
- Оны білмейміз. Өйткені мен осы жерде бір ай жұмыс істеп жатырмын. Ауыл әкімі де жақында сайланған.
«Жақында ғана сайландық» деп ақталған атқамінерлер екінші жолды бір айда ашамыз деп сендірді. Жылдар бойы тұрғындарды тұқыртқан мәселені шенділер уақтысында шешіп, сөзінде тұра ма? Оны енді уақыт көрсетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!