Ақсукентті қоқыс басып жатқанына айға жуықтаған – Түркістан облысы
Түркістан облысында тұрмыстық қалдықтарды шығаратын компаниялардың текетіресінен тұтас ауылды қоқыс басып жатыр. Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылындағы жер үйлердің алдын бір компания, ал көпқабатты үйлерден шыққан қалдықтарды екінші компания жинауға тиіс. Алайда екі жақтада да тұрмыстық қалдықтар тау боп үйіліп тұр.
Автор: Бек Әбиев
13.10.2022
Қоқыс жинаушылар әр тұрғынмен жеке келісімшарт жасаған соң, жергілікті билік мәселеге араласа алмаймыз деп отыр. Техникасы сақадай-сай, ақысын ай сайын алып отырған мекемелер қоқыс шығаруға неге құлықсыз?
Сайрам ауданының орталығы Ақсукентті қоқыс басып жатқанына айға жуықтаған. Әр аулада тұрмыстық қалдық үйіліп, жағымсыз иісі төңіректі алып жатыр. Тұрғындар шыбын-шіркейден терезесін аша алмайды. Қаңғыбас итте де көбейген. Ойын алаңқайына тиіп тұрған қоқысханада тіпті малдың да өліктері жиі жататын көрінеді.
Сәлима Салбекова, Сайрам ауданының тұрғыны:
- Қойдың жүні, сүйектер жатады. Мас адамдар жатады. Айғайлайды, ешкім тазаламайды. Барып айтамыз, қалаған кезінде кім болса сол жатады. Ешкім келмейді, қоқыс жинауға ақша жинаймыз дейді, береміз.
Көпқабатты үйлердің алдындағы тазалыққа жауапты «Асыл» мекемесі аптасына бес мәрте келуі керек екен. Бірақ соңғы рет қалдықтарды 20 қыркүйекте әкеткен. Қызметіне тұрғындардан айына мың теңге алады. «Техникамыз бұзылып тұр» деген компанияның машинасы әп-сәтте пайда болып жинай бастады. Ал тұрғындардың 70 пайызы ақша төлемейді деген қоқыс тазалаушы мекеменің басшысы бұған жер үйлерде тұратындар әдейі көпқабатты баспаналардың аулалардағы қоқысханаға тастайды деп ақталды.
Дархан Рахманқұлов, қоқыс тазалаушы компанияның жетекшісі:
- Бұл жер «Қарасу РМ» деген компания жеке үйлермен келісімшарқа отырған. Ол уақтылы алмайды, бізге келіп, үйіп тастап жатыр. Көлігін ұстап алып, учаскелік полицияға жібереміз, оларға шара қолданбайды, заң жоқ.
«Жер үйлердің алдын жинамайды» деп жала жабылған екінші компанияның басшысы да келді. Екі басшы ерегесе берген соң, төбелес шықпасын деп, арасында тәртіп сақшылары жүр. Қоқысты жер үйлердің алдынан әкетуге тиіс басшы «мерзімге сай жұмысымды істеп отырмын» деді.
Шахабитдин Нажимидинов, қоқыс тазалаушы компанияның басшысы:
- Біз тек жер үйлердің алдынан ғана әкетуіміз керек. Менің техникам түгел, дер кезінде тазалап жатырмыз. Енді мұнда әкелсе, бірер ғана қоқыс келіп жатқан шығар. Егер маған берсе, мен ауланы тап-таза ұстар едім.
Бірақ жер үйлердің алдындан да қоқыстың әкетіліп жатқаны шамалы. Көшеде қоқыс толы қаптар тізіліп тұр. Тұрғындары кейде апталап әкетілмейтінін айтады. Осылайша екі компания жанжадасып жүргенде, қоқыс талай аурудың шығуына түрткі болып жатыр екен.
Любовь Гончарова, Сайрам ауданының тұрғыны:
- Іш өту, ішек аурулары көбейді. Қоқыстың кесірінен енді сары ауруда шыға бастады. Мен өзім талай жыл жұқпалы аурулар ауруханасында қызмет еткен соң білемін. Біздің ауладағы қоқысқа біреулер қалдығын көлікпен әкеліп тастап жатады. Учаскелік полицейлерге шағым айтқанымызбен біздің жұмысымыз емес дейді.
Ал, жергілікті полицейлер бірнеше мәрте хаттама толтырғанын айтады. Қоқыс тасымалдаушылармен келісімшартты әркім өзі түзетін болған соң, бұл мәселеге жергілікті шенеуніктер де араласа алмаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!