Орал: Деркөл тұрғындары емханаға мұқтаж
Орал іргесіндегі Деркөл кентінде тұрғындар емханаға мұқтаж. 10 мыңдай адам тұратын ықшамауданда басы ауырып балтыры сыздаса, бара қоятын амбулатория да жоқ. Сондықтан қалаға сабылуға мәжбүр. Онда да жету оңай емес. Көлігі жоқтар бірнеше автобусқа мініп, таңнан кешке дейін жүреміз дейді тұрғындар.
Автор: Айман Нұрмағанбет
13.10.2022
Күз түссе, Деркөл кентіндегі тұрғындардан маза қашады. Себебі: суықта ауру-сырқау асқынып, дәрігер табылмайды. Тұрғындар емхана, ең болмаса амбулатория сұрап әкімдік табалдырығын талай тоздырған. Алайда одан шешілген мәселе жоқ. Көлігі барлар қалаға қатынаса, дәрігерге жете алмағаны үйінде емделуге мәжбүр.
Тельман Әбдірахманов, Деркөл кентінің тұрғыны:
- Осы айналадағы көптеген адамдар жүректен ауырамыз. Өзім жүрегіме ота жасаттым, жолдасым да отадан өткен. Уақытында көмек керек болып қалса, бізде доктор жоқ. Сонау ауруханаға жеткенше өлім өаламын ғой.
Деркөлдегі Сарыарқа ықшамауданы тұрғындарының басым бөлігі қаладағы ауруханаға тіркелген. Сондықтан ауырса, сонда жүгіреді.
Серік Қожаев, Деркөл кентінің тұрғыны:
- Бізге енді 10 мың халыққа амбулатория керек. Енді біздің сұрайтынымыз – мекеме бос тұр, шынын айтқанда. Мына жерде заманға сай тек осы мекеме. Бізге қажет мамандарды алып келсін. Үнемі отыратын.
Тұрғындардың айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын сауда үйінің екінші қабатында қалалық емхананың екі кабинеті жұмыс істеген. Бірақ дұрыс жағдай жасалмаған соң, көп ұзамай жабылыпты. Мәселеден жергілікті шенділер хабардар. Айтуларынша, мәселені шешу үшін инвестор күтіп отыр екен.
Жұбан Жұмағалиев, Деркөл кентінің әкімі:
- Қазір Орал қаласы әкімдігі мен және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе Сарыарқа шағынауданына емхана немесе амбулатория салу қарастырылып жатыр. Аталған жұмыс бойынша инвестор анықталмады. Бірақ анықталған жағдайда толық емхана немесе амбулатория жұмыс істейтін болады.
Атқамінерлердің айтуынша, Деркөл кентінде жекеменшік клиника бар. Алайда онда тіркелген тұрғын саны 300 адам болған соң, ол толық іске қосылмапты. Тіркелушілер саны мың жарымнан асқанда ғана дәрігер шақырылып ем-дом жүргізіледі. Сондықтан жаңа емхана салынғанша, аудан басшылығы тұрғындарға сол жеке клиникаға баруға кеңес берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!