{metadescription}
Саммит: Қандай ұсыныс айтылып, түйткілдер талқыланды
Саммит: Қандай ұсыныс айтылып, түйткілдер талқыланды

Саммит: Қандай ұсыныс айтылып, түйткілдер талқыланды

Қарулы қақтығыстар мен алпауыт елдер арасындағы санкция текетірестерінің салдары ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек. Бүгін Арқа төсінде 12 елдің басшысы мен 50-ден аса делегация осындай жаһан мәселесін талқыға салды.

Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде экономикадан бастап экологияға дейін қозғалған тақырып көп. 30 жылдық тарихы бар кеңестің төрағалығы тағы екі жылға Қазақстанда қала беретін болып шешілді. Алқалы жиында қандай ұсыныстар мен түйткілдер талқыланды? 

Астанада қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген. Әуеден де, жерде де бақылау қырағы. Елордадағы мектептер онлайн оқуға көшті. Бірқатар ұйымдар мен органдардың қызметкерлері де қашықтан жұмыс істеп жатыр. Бұған себеп – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI Саммиті. Арқа төсіндегі алқалы жиынға кешелі бері 12 елдің басшысы мен 50-ге жуық делегация келген.

Бейбітшілік және келісім сарайында бас қосқан президенттер дәстүрді бұзбай алдымен тізіліп тұрып суретке түсті. Содан кейін дөңгелек үстелге жайғасып, ойларын ортаға салды. Жиынға төраға болған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін бірнеше бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Көлік транзит дәліздерін әртараптандырып, алыс-берісті арттыру, кеңестің қаржылық саммитін тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналдыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кеңеске мүше елдер арасында «жасыл дәліздер» ашудың маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Азиядағы өзара ісқимыл және сенім шаралары кеңістігінде шын мәнінде жұмыс істейтін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механизм қажет. Азия әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үштен бірін өндіргенімен, бұл саладағы олқылықтардан әлі де толық арыла қойған жоқ. Біз маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуіміз керек.

Ал Түркия президенті келісімге келмей керісіп жүрген мемлекеттерді қантөгісті тоқтатуға шақырды. Себебі, соғыс зардабы Азия елдерінің экономикасына да кері әсер етеді дейді Режеп Тайып Ердоған.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Біз Украинадағы дағдарыс салдарын аймақтық және жаһандық деңгейде көріп отырмыз. Мен әрқашан әділетті әлемге дипломатия арқылы қол жеткізуге болады деп айтамын. Соғыста жеңімпаздар жоқ және әділетті әлемде жеңілгендер болмайды. Екінші жағынан, біздің БҰҰмен соғыстың жағымсыз салдарын жою жөніндегі қарқынды күш-жігеріміз бүкіл әлемде мойындалды.

Ал Ресей президенті төрткүл әлемдегі Азияның рөліне ерекше тоқталды. Өзара экономикалық байланысқа кедергі келтіретін түйткілдердің түйінін шешіп, сауда-саттықты ұлттық валюталармен жасау аса маңызды деді Владимир Путин.

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Бірінші қадам ретінде біз өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды белсендірек пайдалануды дұрыс деп есептейміз. Мұндай шаралар мемлекеттеріміздің қаржылық егемендігін нығайтуға, ішкі капитал нарығын дамытуға және аймақ экономикалық интеграцияны тереңдетуге ықпал ететіні сөзсіз. Жалпы алғанда, кездесудегі бірлескен жұмысты жақсы дамып келе жатқанын айта аламын. Біз төраға ретіндегі Қазақстан бастамаларын қолдаймыз.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылғанына биыл 30 жыл. Оған 28 ел мүше. Кувейт мемлекеті тізімге бүгін енсе, Түркіменстан бақылаушы ел ретінде қосылды. Саммитке қатысқан президенттер жеке-жеке кездесіп, келіссөздер жүргізіп те үлгерді. Астанаға келген мәртебелі меймандар енді ертең ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

08 ақпан

07 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде