Алматыда бес мыңға жуық тұрғын бірнеше күн сусыз отыр
Алматыдағы «Нұрлы дала» кешенінің бес мыңға жуық тұрғыны бір аптадан бері суық сусыз отыр. Тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр. Ал кір жуатын суды сырттан тасып жүр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
14.10.2022
Әкімдік «апат салдарымен күресіп жатырмыз» дегенмен, тұрғындар құбырды ауыстырмайынша, мұндай жағдай қайталана беретінін айтады. Өйткені сапасыз құбырдың жарылуы бірінші рет емес.
Жұмаш Тәжібаева зейнет жасында мұндай бейнет көремін деп ойламады. Қолына екі шелегін ұстап су тасығалы бір аптаның жүзі болды. Сырты бүтін жаңа тұрғын үйдің көшпей жатып бұлай әуре сарсаңға саларын кім білген дейді.
Жұмаш Тәжібаева:
- Бұл су тек дәретханаға, яғни ішуге келмейді, ішетін суды сатып аламыз. Бүгін 56 рет тасып жатырмын. Осы жағдайымыз. Құбыр, жарамсыз, заңсыз.
Қолданысқа берілгеніне бір-ақ жыл болған кешеннің бес мыңға жуық тұрғыны бар. Басқа түссе баспақшыл. Бәрі де апта бойы амалдап, әйтеуір өлместің күнін кешіп жүр. О баста сапасыз жүргізілген құбырдың, атүсті атқарылған жұмыстың зардабын тартып отырмыз дейді олар.
Бақтияр Алдабергенов:
- Бұл бізге салынған құбыр, шыны талшықтарынан жасалынған құбыр және бұны қандай технологиямен салды қандай жолға қойды оны біз білмейміз. Біз келгелі бір жарым жылдан бері осы құбырдың зардабын тартып келе жатырмыз.
Ілияс Ысқақов:
- Үнемі суық су жоқ, жарық бір жетілеп болмайды. Ыстық су жоқ. Әбден шаршатты, мына халықтың бәрінің бала-шағасын шулатып, ұят дегеннен жұрдай. Айтатыны тек өтірік, сөзінде тұрмаайды, қашанғы осылай шыдаймыз? Көргенсіздіктерін қашан қояды бұлар?
Құбыр сапасының сын көтермейтінін осында жеткен Наурызбай ауданы әкімдігінің өкілдері де растады. Апат болған жерге бірге бардық. Салдарын жою жұмысы жүріп жатыр дегенмен, жұмысшылардың ешқайсын таппадық. Соңғы бір жылдың ішінде шыны талшығынан жасалған су құбыры 25 рет жарылған екен. Енді жаңадан құбыр жүргізбейінше, түйін тарқамайтынын әкімдіктегілер де мойындап отыр.
Фархат Жаңбыров, Наурызбай ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Бүгінгі күні Жақыбаев пен Жүнісов көшесінің қиылысында, бізде камера бар, сол жерден жоба жасадық 1,2 км темір құбыр салу бойынша, ол жұмыстарды бір аптаның ішінде бастайды мердігер мына проблема бойынша «Алматы су» бізге көмектесетін болды.
Суық су екі күннің ішінде беріледі деген әкімдік уәдесін берді. Ал темір құбыр жүргізуді қысқа дейін аяқтау жоспарланған. Тек оған дейін тағы да апат болмасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!