«Мұқалмас» ҚБ мүшелері өз шындығын айтты
Нұржан Әлтаевты президенттікке үміткер етіп ұсынып, артынан кандидатурасын соттасып кері қайтарған «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігіндегілер бүгін елордада баспасөз жиынын өткізіп, өз шындығын айтты. «Экс-депутатты ұсыну ойымызда да болған жоқ», - дейді мұқалмастықтар.
Автор: Айғаным Достанбай
18.10.2022
Негізінде сол күнгі жиынға қатысқан 15 аймақтың филиал жетекшісінің 13-і Әлтаевтың кандидатурасына қарсы дауыс берген көрінеді. Көбі қоғамдық бірлестік атынан сайлауға кандидат ұсынбауды қолдаған. Ал Әлтаевтың жақтастары нәтижені бұрмалап, кандидаттың хаттамасын Орталық сайлау комиссиясына апарып тапсырды дейді бірлестік өкілдері. Сөйтіп сотқа арызданған.
Майра Төлеубекқызы, "Мұқалмас" РҚБ Қарағанды облысы филиалының жетекшісі:
- Өкінішке қарай, екінші күні Нұржан Әлтаевты Орталық сайлау комиссиясына апарып, төрт азамат бәрімізді белден басып өтіп, өздері хаттама апарып өткізгенін білдім. Одан кейін, әрине, мен ҚР азаматы ретінде, «Мұқалмас» бірлестігі филиалының төрайымы ретінде, тәуелсіз бақылаушы ретінде, мен сотқа арыз жаздым. Кеше соты болды.
Сот «Мұқалмас» бірлестігінің арызын қарастыра отырып, ұйымның әр өңірдегі филиал басшыларынан түсініктеме алған. Сайлау науқаны кезіндегі арыз-шағым кейінге қалдырылмайтын болғандықтан, шешім 48 сағаттың ішінде шығарылыпты. Заңсыздыққа барған азаматтардың әрекетіне бағаны Бас прокуратура береді. Егер Нұржан Әлтаев пен осы іске қатысы бар тұлғалардың кінәсі толықтай дәлелденсе 2-ден 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Экс-мәжілісменнің президент сайлауына түсу жөніндегі хаттамасын сот кеше жарамсыз деп танып, саяси додадан шеттеткен болатын.
Ғазиза Әмірбекова, "Мұқалмас" РҚБ төрайымы:
- Баспасөз маслихатын пайдалана отырып, маған арандатушы, қоңырау шалып жатқан, үркітіпшошытып жатқан азаматтарға тікелей айтқым келеді: қолдарыңнан ештеңке келмейді, мені сатып ала алмайсыздар. Бастаған тірлікті аяғына жеткіздік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!