Бюджет: 2023 жылға қазынадан 21 триллион бөлінетін болды
Мәжілісмендер алдағы үш жылдықтың бюджеті туралы да заң жобасын мақұлдады. Тек алдағы 2023 жылға мемлекет қазынасынан 21 триллион теңге бөлінеді. Бұл биылдың бюджетінен 2 триллионға артық.
Автор: Елдос Есенбол
19.10.2022
Жылдағы дәстүр бойынша қаражаттың басым бөлігі әлеуметтің әлеуетін көтеруге жұмсалады деп жоспарланған. Яғни халықты ауызсумен, көгілдір отынмен қамтуға арналады. Инженерлік-инфрақұрылым жүйелер де жаңартылуға тиіс. Бұл – жарық, жылу, жол секілді аса маңызды салалар. Мемлекет қазынасының енді бір бөлігі зейнетақының орташа мөлшерін, сондай-ақ бала күтімі бойынша жәрдемақыны өсіруге жұмсалады. Оның ішінде ерекше қамқорлықтағы жандардың өмір сапасын жақсартуға арналатын шығын да бар.
Сондай-ақ депутаттар келер жылы өтетін Мәжіліс пен Мәслихат сайлауын өткізуге жұмсалатын қаражатты қоса есептеуді ұсынды. Әдеттегідей, үкімет алдағы уақытта да Ұлттық қордағы қаражаттың бір бөлігін жаратуды көздеп отыр.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Республикалық бюджетке кепіл трансферт мөлшері 2023 жылы 2,2 триллион, одан әрі 2024 жылы 2 триллион, және 2025 жылы 1,9 триллион теңге көлемінде айқындалды. Ұлттық қордан берілетін кепіл трансферттің көлемі жаңа бюджет қағидасына сәйкес, мұнайға кесімді баға ескеріліп айқындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!