{metadescription}
Елімізде тұрақтаған ресейліктердің нақты саны
Елімізде тұрақтаған ресейліктердің нақты саны

Елімізде тұрақтаған ресейліктердің нақты саны

Елімізде тұрақтаған ресейліктердің нақты саны белгілі болды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 21 қыркүйектен бері шекарадан өткен 420 мың Ресей азаматының 110 мыңы қазір Қазақстанда жүр. Қалғаны транзитпен өзге мемлекеттерге кеткен немесе еліне қайтқан.

Қазақстанға келіп жатқан көрші ел азаматтары да айтарлықтай саябырсыпты. Сәйкесінше, шекарадағы нөпір азайып, жағдай қалпына келген.

Қазақстан - Ресей шекарасындағы қарбалас қазір жоқ. Ары-бері өтіп жатқандар азайған. Кеден бекеттерінде бұрыңғыдай сапырылысқан халық пен ұзын-сонар кезек жоқ. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бір айдың ішінде көрші елден келгендердің қазір 100 мыңнан астамы ғана елде уақытша қалған.

Бауыржан Омаров, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы:

- 21 қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация жариялағаннан бері Қазақстан шекарасын 420 мың Ресей азаматы кесіп өтті. Бірақ оның 310 мыңы елден қайта шығып кетті. 21-28 қыркүйек аралығында Қазақстанға кіріп-шығатын ресейліктердің саны орташа есеппен 20 мыңға жеткен. Қазір бұл көрсеткіш сегіз мыңға азайды. Кеден бекеттерінде жағдай тұрақталды.

Ресейліктердің көбі шекараға жақын Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан  облыстары және Астана, Алматы сынды ірі қалаларда тұрақтаған. Жұмысқа орналасып, зейнетақы жарнасын аударып жатқан Ресей азаматтарының жалпы саны 20 мыңнан асады. Көбі сауда, көлік жөндеу орталығы, құрылыс, ғылым және ІТ саласында еңбек етіп жүр.

Дәулет Арғандықов, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті:

- Қазақстанда тұруға ыхтияр хаты жоқ 22 мыңнан астам Ресей азаматы еңбек келісімшартына отырған. Бұл жыл басынан бергі статистика. Соңғы айда бұл сан тағы мың жарымға көбейді. Олар Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында жұмыс істеп жатыр. Ал, жоғары білімі мен тәжірибесі бар мамандар Алматы мен Астанадағы компанияларда қызмет етеді.

Елге салық төлеп, отандық банктерге қыруар қаржы құйып жатқан ресейліктер де аз емес. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері олар елдегі екінші деңгейлі банктерге 530 млрд. теңге салған. Осы орайда экономистер инфляция деңгейінің күрт өсуіне солтүстіктен келген көршілеріміздің тікелей қатысы жоқ деген пікірде. 

Арман Бейсембаев, экономист:

- 2020 жылы Ковид-19 дағдарысы басталды. Қазақстанда ғана емес төрткүл әлем қиын жағдайға тап болды. Түрлі кедергілер болды. Қазір соның зардабын тартып отырмыз. Тауарлар бағасы ырық бермей тұр. Бәрі қымбат. Ресейліктер келмесе де, аспандаған баға төмендемейтін еді. Тек жалдамалы пәтердің құнын ғана үй иелері шектен тыс көтеріп жіберді. Ал азықтүлік пен өмірге қажет өнімдер жылданжылға тек өсіп жатқанын көруге болады. Сондықтан барлығына Ресей азаматтарын кінәлау дұрыс емес.

21 қыркүйектен бері елге келген 70 мыңнан астам көрші елдің азаматы жеке сәйкестендіру номірін алған. Қазір ресейліктерге ЖСН беретін арнайы орталықтардың алдында құжынаған адам байқалмайды. Тіпті Орал, Петропавл, Ақтөбе және Павлодар қаласында арнайы ашылған қызмет көрсету орталықтарының бөлімшелері бірінен кейін бірі жабылып жатыр. Ішкі істер министрлігі екі ел шекарасындағы жағдай қайта қалпына келгенін жеткізді. Жауапты ведомство ел шекарасын кесіп өткен ресейліктердің жартысы транзит арқылы басқа мемлекеттерге қоныс аударғанын айтады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде