{metadescription}
Қасым-Жомарт Тоқаев: Жастар қазақ тілін білуі керек, ана тілі бәріне – негізгі басымдық
Қасым-Жомарт Тоқаев: Жастар қазақ тілін білуі керек, ана тілі бәріне – негізгі басымдық

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жастар қазақ тілін білуі керек, ана тілі бәріне – негізгі басымдық

«Қаңтарда қаза тапқандардың бәрі бірдей қаһарман емес». Алматы облысы жасаған сапарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасын қайта көксеп, бұзақыларды батыр етіп көрсеткісі келетіндерге ескерту жасады.

Сондай-ақ жаңа облыс орталығының негізгі проблемаларын жіпке тізді. Алматы облысында атом электр стансасын салу әлеуетіне қатысты да пікір білдірді.

Жетісуға еншісін беріп бөлінген Алматы облысының жаздан бергі жаңа әкімшілік орталығы – Қонаев қаласы. Облыс орталығы болғалы мұнда тіршілік қыза түскен. Алайда осыған дейінгі қордаланған проблемалар ескі Қапшағаймен бірге кеткен жоқ. Президент айтқан өңірдегі басты мәселенің бірі – баспана. Жылда жаңа пәтерлер қолданысқа беріледі дегенмен, ол жеткіліксіз. Соның салдарынан 180 мыңнан астам адам саяжай паналауға мәжбүр.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Біріншіден, аймақтың территориялық теңгерімді дамуын жолға қою маңызды. Бұл бағыттағы ең басты көрсеткіш – азаматтардың әлеуметтік маңызы бар қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғынүй коммуналдық жағдайын жақсарту. Жыл басынан бері өңірде 686 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгеніне қарамастан, баспана мәселесі әлі шешілмеген. Бұған қоса аймақта ескі, апатты жағдайдағы үй өте көп, коммуникация желісінің тозығы жеткен. Сондықтан Үкіметке тұрғын үй құрылысын және апатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге бөлінетін қаржы көлемін арттыруды тапсырамын.

Президент тұрғындар осыған дейін талай айтқан қоқыс мәселесіне де тоқталды. Ішкі істер министріне ешкімді пысқырмай, өз еркімен заңсыз қоқыс полигонын ашқандарды жауапқа тартуды тапсырды. Осыған дейін туристер жүретін бағытқа контейнерлерді қөптеп қоюды, қоқысты уақытында шығаруды ешкім құнттамаған. Енді ол олқылықтың да орны толады. Енді өңірдің даму потенциалын сөз етсек. Алматы облысының энергетика саласындағы әлеуеті зор. Келешекте энергия тапшылығына тап болғанда тығырықтан шығудың жолы осы аймақта атом электр станциясын салу екенін де атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Елімізде энергия тұтыну көрсеткіші ұдайы өсіп келе жатқан жағдайда оны тұрақты өндіру үшін бізге атом электр станциясын салуға тура келеді. Мамандар Алматы облысындағы Үлкен ауылын атом электр станциясының құрылысына ең оңтайлы орын деп есептейді. Біз бүгінімізді ғана ойлап, түрлі фобия жетегіне ермеуіміз керек. Себебі, еліміздің келешегіне қатысты мәселе шешілгелі тұр. Әйтпесе елдің дамуы тұралап, көрші елдерге энергия тұрғысынан тәуелді болу қаупі бар.

Бертінде облыстың атқамінерлері Алматыдағы бірқатар оқу орнын Қонаевқа көшіру туралы ұсыныс жасаған. Бұл идеяны президент шегелей түсті. Академиялық қалашық салса, Қонаевтың жастар шаһарына айналары сөзсіз. Осы орайда жеті жұрттың тілін біліп, жеті түрлі ілім білген – қазіргі жастар ең алдымен ана тілін білуге тиіс деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Шын мәнінде жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған елінің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен ең алдымен, жастарымыз ана тілін, қазақ тілін білуі керек. Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет. Солай болады деп атап айтқым келеді. Жалпы, біз тіліміз дамымай жатыр деген ойдан арылуымыз керек.

Қонаев қаласындағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасын да айтты. Мемлекет беделіне нұқсан келтірген бұл қаралы күндер тарих бетінде қатталды. Бірақ бәзбіреулердің бұзақыларды батыр етіп көрсеткісі келуі ол оқиғаның қайталануын көксеуі дейді президент. Сондықтан қылмысқа барғандарды қолдап, қолпаштайтындардан сақ болуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Заң мен тәртіп мемлекетіміздің беделіне шын мәнінде нұқсан келтірген қайғылы қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді. Одан сабақ алу керек және бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ. Белгілі бір күштердің жетегіне ерген және кішігірім қылмыс жасағандарға рақымшылық жарияладым. Ал бұзақыларды, кісі өлтірушілерді, тонаушыларды қолдауға тырысатындардан сақ болу керек. Олар халқымыздың түпкі мүддесіне мүлдем сай келмейтін жеке мақсатты көздейді. Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді. Қайғылы жағдайға жол берген немесе арандатушылық әрекет жасағандардың істері бойынша тергеу жалғасады.

Сапар барысында мемлекет басшысы Қонаев қаласын дамыту жоспарымен танысып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Жаңа облыс орталығына артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Бүгін президент берген тапсырма аймақты алға жылжытуға жасалған қарышты қадам болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде