Президент болуға талпынған екінші әйел кандидат – Салтанат Тұрсынбекова
Президент болуға талпынған екінші әйел кандидат. Орталық сайлау комиссиясы бүгін Салтанат Тұрсынбекованы ресми түрде тіркеді. Оны үміткері ретінде «Қазақ аналары дәстүрле жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған. Құжат тапсырудың соңғы күнінде ғана кандидаттыққа түскен Тұрсынбекова өз шешімін былай түсіндірді.
Автор: Елдос Есенбол
20.10.2022
Салтанат Тұрсынбекова, ҚР Президенттігіне кандидат:
- Мен соңғы күні құжаттарымды тапсырдым. Неге десеңіздер, оған дейін өңірөңірлердің бәрін аралап, мені ұсынған аналармен жеке кездесіп, шалғайдағы ауылға дейін бардым. Расында да осы кісілер мен лайықпын ба, мені танысын деп, одан кейін ғана құжаттарымды тапсыруға шешім қабылдадым.
Ауыл-аймақты аралап аналармен кездестім деген Салтанат Тұрсынбекова Қазақстанның 18 өңірінен 119 мыңнан астам азаматтың қолын жинап үлгеріпті. Оның шамамен шамамен 200-ін өзім жинадым дейді кандидат. Орталық сайлау комиссиясы оларды тексеріп, Тұрсынбекованы тіркеуге жеткілікті деп шешім шығарды. Қолына кандидат куәлігін алған ол толқып тұрғанын да жасырмады.
Ал кешкілік Орталық сайлау комиссиясы тағы бір кандидатты ресми тіркеді. Ол – «Жалпыұлттық социал-демократтар партиясы» ұсынған Нұрлан Әуесбаев. 65 жастағы үміткер де сынақтың бәрінен сүрінбей өткен. «Түркістан – ер түріктің бесігі» тақырыбында шығарма жазып, мемлекеттік тілді еркін меңгергенін дәлелдеген еді. Ал ертең кандидаттарды тіркеудің соңғы күні.
Әзірге ресми тіркелген кандидаттардың саны алтау: жалпыұлттық коалиция атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Аманат» кәсіподақтар достастығынан Мейрам Қажыкен, «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсынан» Қарақат Әбден және бүгін тіркелген қос үміткер – Салтанат Тұрсынбекова мен Нұрлан Әуесбаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!