Он үш жылдан кейін қайта оралған мереке — Республика күні
Он үш жылдан кейін қайта оралған мереке. Бүгін қазақстандықтар біршама уақыт үзілістен кейін Республика күнін алғаш рет атап өтіп жатыр. Дәстүр бойынша салтанатты рәсім Ақордадан басталды. Егемендігімізді айқындайтын көк туымыз көтеріліп салтанатты шеру өтті.
Автор: Елдос Есенбол
25.10.2022
- Президент мырза! Қазақстан Республикасының құрмет қарауылы Қазақстан Республикасының Республика күніне орай мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсіміне дайын!
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы көтерілсін!
«Біз байрағын биік ұстаған бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан ту көтеру рәсімі ұлттық мерекенің маңызын арттырады. Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Бағдарымыз айқын, мақсатымыз ортақ», - деді өзінің құттықтауында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Бұл күн халқымыздың бірлігін бекемдейтін, ынтамағымызды арттыратын мереке болуы керек»,- дейді мемлекет басшысы.
Осыдан тура отыз екі жыл бұрын Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің шешімімен егемендік туралы декларация қабылданған еді. Құжат Қазақстанның шекарасын, қазба байлығын, халықаралық қатынастардағы дербестігін және рәміздерін бекітті. Тек кейбір мәселелерде ғана Одақ басшылығымен кеңесетіні осы декларацияда айқын жазылды. Бұл Қазақстанның жеке мемлекет болып қалыптасуының бастауы болды. Яғни тәуелсіздіктің іргетасы қаланды. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған заңда бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылған. Тек сегіз жылдан кейін қайта алынып тасталған-ды.
Биыл маусымда Ұлытауда өткен құрылтайда мемлекет басшысы 25 қазан Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!