Жамбыл облысында тұрмысы төмен отбасылар су жаңа баспанаға кірді
Той үстіне той! Жамбыл облысында мерекеге орай асарлатып салынған үйлер иелеріне табысталды. Аймақта 12 тұрмысы төмен отбасы су жаңа баспанаға кірді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
25.10.2022
Нұрлан Кездікбаев, Көгершін ауылының тұрғыны:
- Көгершінде тұрғаныма 12 жыл болды. 12 жылда үйім бітпей, әкімдікке рақмет, үйімізді салып бітіріп берді. Халқыма, қайын жұртыма рақмет! Бас иемін!
Тұрар Рысқұлов ауданы Көгершін ауылының тұрғыны Нұрлан Кездікбаевтың қуанышында шек жоқ. Бес балалы әкенің ұзақ жылғы арманын ауылдастары орындады. Олар 12 жыл бұрын іргесі қаланған үйдің құрылысын аяқтап, тіпті ішін жиһазға толтырып берген.
Мұндай игі іс бірнеше ауданда жалғасын тапты. Солардың бірі - Қаратау қаласының тұрғыны Сандуғаш Итенова. Бес балалы анаға Республика күнінде баспаналы болу бұйырыпты. Оған жомарт жандар төрт бөлмелі су жаңа үйдің кілтін табыс етті. Аудан әкімі осы іске бастамашы болған жандарға алғысын айтты.
Жалпы бұл ауданда былтыр көптің көмегімен 8 отбасыға шаңырақ салынса, биыл оның санын 9 толтыру жоспары бар. Ал облыс бойынша жыл соңына дейін асарлату жобасы арқылы 121 үйді сыйға тарту көзделген.
Нұрбол Жүнісбеков, Талас ауданының әкімі:
- Жақынына жанашыр болатын қазақ халқының ынтымағы мен ырысы бүгінгі тірлікпен тағы бір көрініс тапты деп білмемін. Осы үйден шаттық кетпесін. Түтіні түзу шығып, ошағынан қазаны түспесін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!