Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы өсірді
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы өсірді. Бұл жолы 14 жарым пайыздан 16 пайызға бір-ақ көтерілген. Базалық мөлшерлеменің мамандар күткеннен де асып түсу себебі көп.
Автор: Асқарбек Қазанғап
26.10.2022
Бірінші кезекте инфляцияның тоқтаусыз өсуі. Ұлттық банк таратқан мәліметке қарағанда, қазір оның мөлшері 17,7 пайыз шамасында. Қыркүйек айында тіптін жоғары болған. Атап айтқанда, азық-түлік бағасын тұрақтандыру әзірге мүмкін болмай тұр.
Өндіріс көлемінің азаюы мен Ресей рублінің қымбат құны да инфляцияға кері әсер еткен фактордың бірі. Бұған қоса әлемдік азық-түлік нарығындағы тұрақсыздық та бар. Әсіресе тасымалдың қиындауынан бидай бағасы өскен. Сондықтан инфляцияны аз да болса тежеу үшін базалық мөлшерлемені өсіруге тура келген. Жағдай жоспардан ауытқып, инфляция әлде де өсе түссе, Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің де тағы өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- Жыл соңына қарай инфляцияның 16-18% аралығында қалыптасатынын болжаған едік. Алайда, одан асып түсті. Инфляциялық күтулердің жеделдеуі, оң фискалдық серпін аясындағы инфляция компоненттерінің тұрақтылығы, тауар жеткізу жолдарының бұзылуы, Ресейден жоғары инфляция импортының жалғасуы, сондай-ақ өндіріс шығындарының өсуі осындай салдарға әкелді. Инфляцияның тұрақты өсуінің айқын белгілері байқалуда. Осының барлығы ақша-кредит талаптарын қатаңдатуға бағытталған шешуші шараларды қажет етеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!