Шымкенттегі бүтін бір ықшамауданда үш жылдан бері жылу жоқ
Шымкентте бүтін бір ықшамаудан жылусыз қалды. Үш жыл бұрын пайдалануға берілген Шымситидегі он екі қабатты үйдің тұрғындары электр құрылғылары, желдеткіш пен асханадағы газ плитасымен ғана жылынып отыр. Тізесі жылымаған жұрт тоңып отырғанын айтып талай табалдырықты тоздырған.
Автор: Бек Әбиев
26.10.2022
Бірақ үйлерге қызмет көрсетуші мекеме мен мердігер компания бір-біріне сілтеп келеді екен. Ел арыздана берген соң, бүгін тіпті аудан әкімі тұрғындардың құбырын тексеріп, сантехниктің жұмысын атқарды.
Шымситидегі көпқабатты үйлерде үш жылдан бері жылу жоқ. Тұрғындар жылу беретін кез келген құрылғыны кәдеге жаратады. Жалдамалы баспанада тұратын Балнұр Есмұратова күн суытса, алты баласымен бір бөлмеден шықпайды. Пәтер іші суық болған соң балалары жиі ауырып, бар ақшасы дәрі-дәрмекке кетеді екен.
Балнұр Есмұратова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Ай сайын ақша жарыққа кетеді. Кемінде 10 мың теңге. Одан кейін дәрідәрмекке 20-30 мың теңге жұмсалады. Мына дүниені қашан, кім шешеді? Білмейміз. Айта-айта шаршадық. Чатта жазамыз, айтамыз, бірақ ешкім шешпейді. Бүкіл жылытатын техниканың бәрін қосып отырмыз. Сол ақшаның бәрі соған кетіп жатыр.
Үйде ауызсу да жоқтың қасы. Тіршілік нәрі тек сыздықтап ағады деп налиды тұрғындар. Үй басқарушысы жертөледегі жылу жүйесін мамандар талай тексергенімен, кінәрат таппай жатыр дейді.
Нұрлықыз Әшірбекова, үй басқарушысы:
- Су сорғыштан болып жатқан шығар деп, оны ауыстырғанбыз. Кішкентайын үлкенге ауыстырдық. Ол қойылғалы бері бірде екі сағаттай ыстық су жақсы ағады да, қайтадан ауысып кете ме, суымыз қайтадан мұздай болады.
Осылайша тұрғындардың шағымын тыңдап тұрғанда «сантехниктің жұмысын істеп жүрмін» деп, Қаратау ауданы әкімінің өзі шыға келді. Құбырлардағы жылу тетігін бұрап жүрген басшының айтуынша, мәселенің бәрі сервис көрсетуші компанияның салғырттығынан екен.
Рахымберді Мүлкіманов, Қаратау ауданының әкімі:
- Қазір осыны ашқан соң қосылды. Мен өзім келіп қосып бердім. Жай ғана аштым – қосылды. Қорыта айтқанда, бұл кісілер өздерінің слесарь шақырып, үйдің бәрін қосып, ауасын шығарып, тиісті жұмысын атқаруы керек. Содан кейін барып қай пәтерде қысымы жоқ мәселесі шығады.
Ал қызмет көрсетуші компания үйді салған мердігер компания қажет ауа айдағыш сорғыны жеткізіп бермей жатыр дейді. Және жылу мәселесі осы маңдағы 12 қабатты үйлердің бәрінде бар деп отыр.
Әсел Иманбердиева, қызмет көрсетуші компания басшысы:
- Су сорғышты ауыстырып берсін, ол істемей тұр. Мен оны қалтамнан ала алмаймын ғой. Халықтың төлеп отырған мың теңгесіне сусорғыш аламын ба, әлде жұмысшыларыма ақы төлеймін бе?
- Сіздер сусорғыш керек деп «Артқұрылысқа» шықтыңыздар ма?
- Артқұрылысқа түнімен шығып жатырмыз, бүгін әкеп берем деген.
Бірақ уәде берген мердігер компания өкілдерімен тұрғындар байланыса алмады. Тіпті әкім де шақырта алған жоқ. Ал тоңып секірген тұрғындар тиісті орындар тексеріп, нәтижесін шығарса деп қана тілейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!